Жасымда көп жылдар жылқы бақтым. Үйірден таңдап тобылғы торы деген жүйрік атты мініп жүрдім. Сол кездің бір қысқы күнінде әлі де есімнен кетпейтін оқиға болған еді.

         Сырғыма жүріп жатқан болатын. Жылқының сыртын айналып жүрмін. Бір мезгілде оң жағыма, далаға қарасам, тойып алған нән қасқыр кетіп барады. Бір жердің малын жайратып барасың-ау, жауыз, деп ойладым.

         Қууға ыңғайланып қарманғанда барып есіме түсті. Сол күні бір жолдасым мылтығымды қоярда-қоймай сұрап әкеткен. Енді не амал жасауым керек? Қолымда құрығым ғана бар, әрине, құрық қасқыр соғатын сойылдай болмас.

         Дегенмен тобылғы торыны қасқырдың соңына салып, басын жібердім. Қасқыр да мені көре сала жөнеп берді. Қуып келемін, нән бөрі анда-санда тұра қалып, лоқсып-лоқсып жіберіп, ішіндегі етін жентегімен түсіріп жеңілденіп алады.

         Жүйріктің аты жүйрік қой, тобылғы торы қыза келе бауыры жазылып шапты. Қасқырға жетіп те алдым. Құрықты бір-екі рет сілтеп едім, тұмсығына дәл тигізе алмадым. Үшінші рет пәрменмен сілтесем керек, қасқыр бұғып қалғанда, құрық екпінімен қолымнан шығып кетті.

          Енді тіпті жалаңқол қалдым. Қасқырдың әбден еті үйреніп алды ма, қолымда қаруым жоғын білді ме, әйтеуір бағанағыдай ышқына қашпай, қасымда жанасалап келеді. Әбден ызамды келтірді. Мынадай қолға түсіп тұрған қасқырдан айырылып қалу мен үшін кешірілмес күнә. Сонда не істеуім керек деп ойладым.

          Бір кезде «әй, не болса да!» — деп, үзеңгіден аяғымды шығарып алып, дәл жанымда келе жатқан қасқырдың үстіне секіріп түстім.

          Ұмар-жұмар құлағанмен, қас қағымдық қана әрекет, қолым қасқырдың құлағына тиді. Екі құлақтан қарыстыра ұстасаң бұл бөрі дегенің неше жерден алып болса да тырп ете алмайды екен. Мінез-құлқы жылқы малы тәріздес пе деп қалдым, асауды қыл арқанмен құрық салып ұстағанда, екі құлақтан шап беріп қысып, төмен тұқыртқанда күшіңнің артықтығын білдіре алсаң, қара терге түсіп, қалшылдап, сасқанынан енді саған қарсылық білдірмей, ыңғайыңа қарай беріле бастаушы еді. Мынаны да сол күйде атша үстіне мініп, тақыммен қысып алғанмын, екі аяғыммен оның алдыңғы екі аяғын бүктіріп, тұмсығын жерге тигізе басып тұрмын. Ақырын шыжымдап, бір қолыммен белімдегі белбеу жіпті шешіп алып, қасқырды ноқталап байладым. Кім біледі, тартынғанда шығып кетер деп, қалтамнан пышағымды алып, артқы екі тілерсегін қиып жібердім. Жауыз, қайсар ғой, қыңқ етпеді.

          Сол жерде қасқырды байлап-матап тастап кеттім. Қосқа барып, шана жегіп алдым да оны жылқышылардың ортасына әкелдім.

           Өзге жұрт та қасқырды онша жақсы көре қоймас. Ал жылқышы қауымның ең қас жауы, ең аңдысатын бірінші жауы осы қасқыр. Солармен аңдысып, қандай түтеген боранда аттан түспей, айсыз түнде жылқымен бірге тебінде түнейміз. Ел бетін көрмей, далада жүріп тағылық өмір өткіземіз. Сөйтіп жүргенде еңбегіңді еш қылып, қапысын табады. Бағып жүрген малыңды жайратып кетеді. Сондықтан бізде оған деген кек еш таусылмайды. Әлгіндей оны қорлауымыз сондай ызадан туып жатса керек. Ол да бізді оңдырмайды, біз де қолымызға түскенде оны оңай өлтіре салмай, жазалап барып өлтірдік.

          Енді бірде, аң аулап жүріп, аяғынан жараланған қасқырдың үстіне, баяғы сол әдетім бойынша, секіріп міне берген кезімде, балтырыма бас салды. Кигенім қалың мақта шалбар, аяғымда пимам бар еді, сонда да тістері батып жанымды сығымдап әкетіп барады. Тұмсықтан ұрып, аузын ашпақ болған әрекетімнен ештеңе шығатын емес. Осы өмірімде мұндай ағыл-тегіл терлеп саспаспын, жаныма батқаны сондай, жылап жіберіппін. Не істеу керек?! Әйтеуір, абырой болғанда, қалтамда өткір пышағым болатын, ала салып қасқырды бауыздай бастадым. Жаны шығып, есінен танған кезде ғана ауызы босаңсып, «уһ!» — деп, аяғымды суырып алдым-ау. Құдай сақтап, бір ай емханада жатып, әзер тәуір болдым.

ҚАСЫМ ТӘУКЕНОВ

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер