Әлсіз ақындардың сырты айқайшыл, іші қызғаншақ, ондайлар жалғандыққа, жарамсақтыққа бейім келеді. Мен Төлегеннің көзінен мұң көлеңкесін көп көрген болармын. Ал суық ызғар сәулесін бір рет те көрген емеспін. Кінәмшіл, күдікшіл емес еді, сөзінде құлақ қаритын бір дыбыс болмайтын. Мінезі де тұрлаулы, тұрақты еді. Онысы кейде оны мүләйім етіп те көрсететін.

Төлеген кейінірек Шымкенттен Алматыға көшіп келді. Әуелі Алматының өзі емес, Қаскелеңде тұрды. Сосын бір арзан үй сатып алып, астанаға ауысты. Біз ол үйді орысша айтқанда «жуып», Тұманбай бәріміз той тойладық.

…Көктем айының бір күндері еді, біз Абай атындағы опера театрында билет сатып, поэзия кешін өткізбекші болдық. Оны басқару маған тапсырылды. Үлкен театрға адам сыймай кетті. Өлең оқитындар тізіміне Төлегенді де жаздым.

Перде ашуымызға он бес минут қалғанда менің өкшелес інілерімнің бірі күтпеген жерден «дау» туғызды: «Мына Айбергенов деген бала сахнаға шығатын болса, мен шықпаймын, өшіріңіз мені».

– Жазығым не, көке? – деп Төлеген ағасына жалына қарады.

– Сен Тәжібаевтардан өзгені танымайтын жігітсің, – деді ызасын жасыра алмаған мосқал ақын.

«Әбеке, мен ағаларымның шырқын бұзбайын деп үйге қайттым. Кешіріңіз, құрметпен: Төлеген», – деп жас ақын маған хат жазып кетіпті. Поэзия кеші жақсы өтті. Бірақ мен театрдан көңілсіз шықтым.

Өлеңі мінсіздің өзі үнсіз деген рас екен, Төлеген үндемей үйіне кетті. Ұрыншақтармен ұрысып-таласып жатуды өзіне лайық көрмеді.

ӘБІЛДӘ ТӘЖІБАЕВ 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер