Қарапайым еңбегімен осы өңірге атағы кең жайылған тәжірибелі жылқышы Сұлтанхамит ақсақалдың үйірінен әдейі өшіккендей дала бөрісі ылғи бір жылқысын жайратып кететінді шығарды. Соңғы екі-үш жылда оншақты жылқыны мерт қылды. Таң қаларлық жай, жас, тай-жабағыларға, құнан, дөнендерге тимей, жуан қарын мама биелерге ауыз салатындарын қайтерсің. Біздің таңданғанымыз, әлгі мама биелердің бүйір тұсынан, не шабынан жарып жіберіп, қартасын ғана жейді де, сан етінен азырақ сәл-пәл ойып алып, ауыз тиетіндей қылық жасайтындай көрінеді. Басқа еш жеріне тіс тигізбейді. Қасқыр тартып, мерт болған биелердің қай-қайсысын алма құлаштай ұзын құйырығы қашан келсең де дәл қасында, онша қашық емес жерде жұлынып жатқанын көресің. Үйірге жолаған сайынғы істейтін әдеті осы. Кешегі құлатқан биелерге бүгін жанынан өтіп бара жатып бұрылып та қарамайды. Қалайтыны жылы-жұмсақ, қарта мен бір кесек сан ет. Қасқырдың мұндай таңғажайып қылығын зерттей келе біздің анықтағанымыз оның жалғыз екендігі, тау жақтан бір ізбен келіп, сол ізімен кері қайтатындығы. Ерсілі-қарсылы жүрген ізіне қақпан құрып та көрдік, ештеңе шықпады. Өте сақ, сезімтал, қар астындағы қақпанды айналып кетіп отырады.        Ыза кернеп, кіжініп, аңдып жүріп, соңына түскен жігіттер ақыры қоярда-қоймай соғып алды-ау, әйтеуір. Қаншық қасқыр екен. Жуан қарын биелерді әдейі таңдап алып, неге құлата береді екен десек, оның мәнісі олардың денесінің ауырлығында, салмағында болып шықты. Жалғыз болған соң бұл сұм келген бетте тебіндегі мама биенің құйрығына жармасып, сіресе тартып, әуіре-сарсаңға салады екен де, састырып, үркітіп қалың қарға омбылатып, содан соң жіберіп қалып, сүріндіретін көрінеді. Сол мезетте ол жалғыз өзі оп-оңай шабын жара салатынға ұқсайды. Бағанағы айтқанымыздай биелердің сала құлаш құйырығының да жұлынып жататыны содан болса керек. Тай-жабағы секілді кәкір-шүкірді қуып әуіре болып, машақатқа батып қайтсін, ту, нән, мамырлай басқан мама биелер тұрғанда. Бұл да оның көру тәсілі.

ҚАСЫМ ТӘУКЕНОВ 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер