Менің жас кезімде біздің үйде құлақасқа бие болды. Өзі жуас еді. Кешке құлынын ағытып, жайылымға жібереміз, таңертең бие байлар уақытта үйге өзі келетін.

Бір күні бие уақытында үйге оралмады. Атам тауып алып кел деп мені жіберді. Есілдің жағасындағы талға жақындағанымда біздің биенің қасында бір иттің шоқшиып отырғанын көрдім. Онда жұмысым болған жоқ. Биені тез тапқаныма қуанып, үйге жеткізуді ойлап келемін.

Мен жақындағанда бие оқыранып қоя берді. Өзі әбден қара суға түсіп терлеген, қалш-қалш етеді.

Дәл жанына келіп, биенің түрін көргенде барып әлгі шоқшиып отырған ит емес, қасқыр екенін ұқтым. Сірә, таң атқанша бір орнында тұрып, теуіп, тарпып, құлынын бауырына таяу ұстап, анау жауызға бермегенге ұқсайды.

Құлын да қалш-қалш етеді. Байғұс аузын ашып, малжаңдап бірдеңе дегендей болады. Бөтен жылқы тістегенде құлындар тура осылай аузын қаяздап, жалынғандай белгі жасайтынын бұрын талай көргенмін.

Биеге жетіп келісіммен-ақ жүгенсіз, ноқтасыз ырғып мініп, енді жүргізейін десем, жануар аяғын әзер-әзер басып орнынан қозғалды.

Қазір кейбір айғырлардың өз үйірінен қасқырға жылқы бермейтіндері бар. Ондай айғырлардың үйірін қасқырлар да біледі.

ҚАСЫМ ТӘУКЕНОВ

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер