Екі жастың махаббаты арқылы, екі рудың ара-қатынасы, сол арқылы халық өмірі мен тағдыры бейнеленген Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібек» көркем фильмі бүгінде қазақ киносының алтын қорына айналды. «Қыз Жібек» фильмінің сценарийін даярлау, фильмнің дайындық жұмыстарын жүргізу, фильмді түсіру, монтаждау кезіндегі толғаныс пен қиындыққа толы сәттерден қызық мәліметтерді ұсынамыз.

1. «Қыз Жібектің» алғашқы нұсқасы «Аққу» деп аталған. Кино түсірілгенге дейін фильм сценарийі 1944 жылы, яғни 10 жыл бұрын жазылған. 1967 жылы жаңа сценарийлерді бекіту кезінде дайын сценарий ретінде еске түседі.

2. Фильмді түсіру үшін қазіргі күні кездеспейтін 8-10 қанатты шаңқан ақ үйлер арнайы жасалды. Түрлі түсті ши, таза ақ жүн, керегені талдан ию үшін солқылдаған жас бозталдар қолданылды.

3. Режиссерлік сценарий бойынша Жібектің 10 түрлі костюмі болу керек деп бекітілді («Анна Каренина» фильмінде Каренинаның 25 түрлі костюмы болған).

4. Жасанды, боялған материал экранда білініп қалады деп костюмдерге қажетті барқыт, мақпал, жібек, шәйі, батсайы, пүліш, көйлек-камзолды әдіптейтін құндыз, сусар, елтірі, киімді оқалайтын жақат, інжу-маржан қолданылды.

5. Арнайы қаулы негізінде, Ауыл шаруашылық министрлігіне фильмге керек таңдаулы 40 ат тауып беру жүктелді.

6. Жеке адамдардың қолынан ер-тұрман, сауыт-сайман, киіз үй жиһаздары және басқа да сатуда жоқ кілем, текемет, сырмақ секілді заттарды сатып алу үшін 10 мың сомға дейін ақша жұмсауға рұқсат етілді.

7. Алматыдағы «Сувенир» фабрикасы қақтаған күмістен, ақ жалтыр темірден батырлар мен қыздардың киімдеріне қажетті жүздеген әшекей жасап шығарды.

8. Фильм суретшісі Гүлфайрус Ысмайлова бастаған таңдаулы шеберлер қыздардың камзолдары мен көйлектеріне, жүздеген, мыңдаған моншақтарды бір-бірлеп өз қолдарымен қадаған.

9. «Қыз Жібек» группасындағы жүзге жуық студия қызметкерлері екі жыл бойы даярлық, әзірлік жұмыстарын орындап шықты.

10. Жібек рөліне 400-ге жуық үміткерден ұсыныс хат келіп түсті. Олардың ішінде 15 қыз ғана іріктеуден өтіп, тек Жібектің серіктері ретінде бекітілді.

11. Режиссерлер Жібек рөліне лайықты қызды таппай, ұзақ ізейді. Алматының №66 мектебінде 10 сынып оқып жүрген Мерурет Өтекешованы режиссер Ғазел Мағауина студияға ертіп әкелген.

12. 1969 жылы 4 сәуірде көркемсовет мәжілісі фильмнің алғаш түсірілген материалын талқылады. Жиында Төлеген Бекежанның қасында әлсіз, жасқаншақ көрінеді деп сыналды. Шәкен Айманов «Біздің көріп отырғанымыз – ойсыз алаңсыз жүрген біреу» десе, Ғабит Мүсірепов «Ол Бекежанның қасында бір бишара. Төлеген, қайталап айтайын, тым дәрменсіз, үміт аз...» деп сенімсіздік танытқан. Десе де сырбаз да, ізетті Төлеген рөлін Құман Тастанбеков өз деңгейінде алып шықты.

13. «Сырлыбайдың ауылы» деп аталатын обьектілерді түсіру кезінде «Қырық көш» үшін ауылдардан 60 түйе әкелінді;

14. Тастың басына ескі таңбаларды қашап салу үшін екі үлкен көтергіш кран жөнелтілді;

15. Іле жағасында «Сырлыбай ауылы» үшін 35 киіз үй тігілді;

16. Фильмге Бішкек қаласының хайуанаттар бағынан киноға түсіру үшін арнайы аққулар әкелінді.

17. Қаршыға мен Шегенің күй жарысынеда билей жөнелетін аққулардың көрінісін кеш батып бара жатқанда түсіріп үлгерген. Фильмдегі аққулар биін түсіру үшін оператор мен режиссер бір күн бойы тапжылмастан күткен. 

18. Көлемі 3600 метр фильм үшін 50 мың метр пленка түсірілді. Кейбір кадрлар 10-12 рет қайтара түсірілген.

19. Қазақтың кең өлкесінің көркем бейнесін барынша әсем көрсету мақсатында Ұлытау, Ақтау, Алтай, Жайық, Іле жағасы, Қарқаралы, Алатау табиғаты түсірілді.

20. «Қыз Жібек» 1972 жылы Бакуде Бүкілодақтық кинофестивальда көрсетіліп, фильм оң бағаға ие болды.

Мақала авторы - Ая Өміртай

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер