Бұрын ауыл ұстасы болған Қызылқұмдағы Әбибулла енді қасқыршы, қақпаншы, саятшы атанды. Қасқырлар – оның бағымындағы малындай. Қасқырдың иесі, қожасы іспеттес қасқырқожа деп қалжыңдайды ел. Жетпістен асқан Құлымбетовтің әкесі Біләл ақсақал қасқырдан гөрі қарасөз бен қағиданы жақын көрген батагөй жан еді. Енді Әбибулла қарт болса:

       -  Тастөбе, Оразбай жаққа оншақты қақпан қойдым. Келе жатқанымызда қақпан сүйретіп бір із кетіпті... ана бәле шығар...- деп қасекеңнің атын айтпай әңгіменің майын тамыза, барды бардай, жоқты жоқтай баяндайды.

         Енді сол қақпаншы Әбибулла қарттың өзіне сөз берейік.

       ...Арланын да, қаншығын да ызаландырып бірде жеті күшігін алдым. Мен қайда барсам – сонда барады. Қорқып, сақтанып, иығымнан қосауызымды тастамадым. Мен барған жерде бірлі-жарым қойды, малды жаралайды. Мен бір үйге кірсем сол үйден кеткенімше құмның ар жағында жатады. Жауын жауып тұрғанда ізіне түстім де, қақпан қойдым. Қолға түсіре алмадым. Санам санға, ойым онға бөлініп ақыл сұрап едім Қырқымбай қария жақсы кеңес берді:

      -  Бетінше кеткен қасқырдың соңынан жүру – білместік, - деді ол, - қасқырдың жасырынды жері болады. Соны табу керек. Өз жолының шетіне боғын тастайды немесе сарыған жерін тапқан дұрыс. Ескі ақыр, көне құдық, сарыған жеріне қақпан қойған жөн болады. Соны табу керек. Қасқыр әккі ғой. Ол жерге үш, жеті, он төрт күнде бір соғады. Жалпылама әйтеуір қақпан қоюға болмайды. Оған түспейді де. Малды қырған жеріне де, «менің соңыма түседі» деп, біраз қашып жүріп, ұмыттырып, ескерусіз келеді.

         Сөйтіп, Қырқымбай қарияның ақылын алып, жылқы бағылатын Жошы құдық маңына, сарыған жерін тауып қақпан салдым. Санап жүрдім. Үш күн өтті. Оралып соқпады. Жеті күн өтті.  Келмеді. Он төрт күн өтті. Бүгін қалай болмасын келуі керек деген оймен барсам, қақпанды тышқан ашып тастапты. Оны көре сала, қасекең секем алып, су ішісімен тұра жөнелген екен. Қап дедім. Бірақ, қайтар жолына да салып ем – соған түсіпті. Бұлардың біреуі қақпанға түссе, екіншісі бір апта сол маңнан серігін іздейтін, сөйтіп жүріп екіншісі де түсіп қалатын «аңқаулығы» тағы бар.

- Қақпан қалай салынады?

- Мәселен, сарыған бұта түбіндегі орнын домалақ етіп қазып, бетінің топырағын былай қойып, қақпанды жасыра көміп, шөппен жауып, жылқының қурап  қалған тезегін сеуіп, ескі топырақпен қайта жабамын. Менде қасқырдың кесінді сирағы бар, сонымен із салып, бетін шыбықпен тырнаймын. Иіс, із қалмау үшін аяғымды шөппен орап байлап жүремін. Із-таңба салмай, қақпанды қоя салсаң оны баспайды да, жоламайды. Қақпан бетінде түңлік киіз бар. Түңлік асты – шұңқыр. Қасқырдың аяғы киізді басып қалғанда тиек-серіппе ағытылып кетеді де, қандыауыз темір сирақты қабады.

 

-  Қасқырдың ерекшелігі көп қой. Ол апанын суға екі-үш шақырым жерден қазады. Маңайындағы отарға тимейді. Қоздап, далада қалып қойған кейбір саулыққа тимегенін көзіммен  көрдім. Ал апанына жуық жерден адамды көрсе болды – бөлтіріктерін алып ауып кетеді.

Бір күні ауылдың бір баласы мотоциклін дырылдатып жетіп келді:

-  Ата, ата! Қасқыр көрдім. Күшіктері де бар, - деп ентігіп тұр. Қазіргі балалар бөлтірікті күшік дейді.

-  Қайдан көрдің? – дедім. Ол көрген жерін айтты.

- Мотоциклмен тура апанының үстінен шықтым. Күшіктерін де көрдім, - деп ыржалаң-ыржалаң етіп, дегбірсізденіп, бол-болдың, жүр-жүрдің астына алып барады.

- Ендігі жерде ол қасқыр кетіп қалған шығар.  Адамды көрсе – құрып жоғалады ғой, - дедім. Бала болмады. Жүр-жүрлеп ақыры апарды.

  Күдігім дәл шықты. Апан бос жатыр. Бөлтіріктерін алып, тайып тұрған. Әлгі бала: «Жаңа ғана көріп ем ғой» деп таңданумен әуре. Ізін барлай бастадым. Таптым да. Көп бөлтірігін ұзаққа әкете алмасы мәлім, асығыста борсықты өлтіріп, соның ініне бөлтіріктерін тығып қалқалапты. Сол жерден бөлтіріктерін алдық.

 

Қақпаныма қасқыр түссе, қуанып, шаршағанымды ұмытып кетемін. Негізінен жаяу жүремін. «Боранда бір шоферді қасқыр жеп кетіпті. Алақаны мен аяғы қалыпты» деген алыпқашты, суық әңгімені көп есітиміз. Мұның шындыққа жанасымы да бар. Жусанды жерде сұр қасқыр көрінбейді. Жеке кездестірмесін деңіз! Онда ол адамды оп-оңай алады. Мылтықсыз адам түк те істей алмайды. Қасқырлар бір-бірінің жерінде жүрмейді, шекарасын бұзбайды, бұзса – ұрысады. Тікұшақ - вертолетпен аңдығандар жусан арасына жасырынып қалып кеткен қасқырды байқамайды. Ол тікұшақ  көрсе жата қалады. Бірде жыңғылды тоғайды қамап, он төрт аттылы адам бір қасқырды ала алмадық. Мәселен, Төбеқұм мен Құлшоқының арасы елу шақырымдай. Бір түнде сондай жерге кетіп қалады. Жаяу не аттылы түгілі, машиналы адамды адастырып кетеді.

Жазып алған – Мылтықбай   Ерімбетов

ҚР Жазушылар одағының мүшесі.

 

 

 

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер