Сіз талай жерде қонаққа барасыз, тіпті ең сыйлы қонақ атанып, төрдің төбесіне шығып қалуыңыз да ғажап емес. Осындай мезетте алдыңызға бас келе қалса, оны ұстаудың жөн-жоралғысын білесіз бе? Әлде «әкем тірі еді, ұстай алмаймын» деп ұзақ құтылмайтыныңыз анық. Сондықтан бұл да бір қадеңізге жарар деп, осы бір ақыл-кеңесімізді ұсынып отырмыз.

        Сыбағаның ең үлкені – бас, оның қасына үлкен сүйек (әдетте жамбас) қойылады. Басқа сүйекті де қоюға болады. Байқауымызша, қазақта бас ұстаудың бірнеше үлгісі бар.

        Әрине, бас осы дастархандағы ең сыйлы қонаққа ұсынылады. Бірақ сол сыйлы қонақтың жолдауымен басты басқа кісі де ұстауы мүмкін.Басты жалғыз өзін бермеу, яғни қасына бір сыйлы жілік қосып ұсынылу себебі – қонақ қубас болып қалмасын деген тілеу. Бастың құр өзін ұсынам деп сыйлы қонақты қатты ренжітіп алуыңыз мүмкін.

    Бас ұсынылған мейман сыбағасын алып, алдымен пышақпен құйқадан кесіп алып, өзі ауыз тиеді. Сосын бас құйқасының (әдетте оң жағын) тең жарымын турап, жан-жағына үлестіреді, көзін үлкен кісіге, үй иесіне, ел ағасына береді. «Көз болып жүр» деген тілек айтылады. Құлақты кесіп алып, сол дастархан басында отырған жасы кіші балаға береді, таңдайды шақырып алып келінге, қызға береді. Таңдайды ұсынғанда «Әнші бол» деп, алақанына ұрып беру дәстүрі бар. Басты алғаш ұстаған адам осыдан кейін қалған жартысын ұстау үшін басты екінші кісіге береді. Ол кісі де үлестіреді. Ол да екінші көзді үй иесінің жақын-жуығына, үлкен кісіге береді. Құлақты да балаларға деп, тарелкеге салып жібереді. Құйқаны турап, тарелкеге салады, дастарханды жағалатып, ауыз тиюге жібереді. Әбден тазартылған басты ауыз үйге жылжытады, жастар сол жақта миды ашып, сорпадан бұрын «ми палау» деп әкеліп береді.

        Басты алғаш ұстаған мейман алғашқы сыбағасын екінші қонаққа жылжытқан соң екінші сыбағасы - жамбасты қолға алып, өзі мүжиді немесе оны да үлестіреді, яки біреуге жолдайды.

(Жәнібек Әбілпейісовтің жиған-тергенінен)

 

 

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер