Ақмолада Тілеу атты дәулетті адам болған екен. Ол заманда жұрттың көзіне түсетін сегіз бөлмелі көк төбелі үй жалғыз Тілеуде бар еді. Ол Сұлтанай Қамза деген ноғай байының сенімді адамы болатын. Руы Арғын, оның ішінде Аралбай, туып-өскен жері Жаңа-арқа. Тілеудің үлкен әйелінен Ғалия, Мәрия деген екі қыз туды. Ғалия – сұрлау, ат жақты, ұзын бойлы бетінде аздаған шешек дағы бар, өткір, сөзге шешен, оң қолынан өнері төгілген шебер болған. Қазақ әдеті бойынша Ғалияны жастай Біржан дегенге атастырып, бой жеткен соң Ғалия ұзатылып барды. Бірақ көңілі сүймеген соң Біржанмен ұзақ тұрмай, бір-екі жылдан кейін Ғалия Қараөткелге қайта келеді. Бір кездерде өзі әбден сынына келіп, әдемі денесі талшыбықтай бұралып, көп адамның діңкесін құртады.

          Ақмолада Ғалия қымыз сататын әйелдің қасында жүреді. Өйткені ол заманда халықтың көп жиналатын жері сол ғана еді. Біреулердің айтуынша өзі де қымызшы болған. Күндердің күнінде қымыз саудасы үстінде Ғалия Балуан Шолақпен кездеседі. Екеу бір-бірін бірден ұнатып, есебін тауып жолығып, өмірді бірге өткізуге уәде байласады.

          Бұлардың қосылуына кедергі – Тілеубайдың Біржаннан алып қойған қалың-малы еді. Қалай дегенмен де мал төлеген адам күшті, Балуан Шолақ батыр болғанмен жарлы, малсыз Ғалияны алып кете алмайды. Сондықтан ол Көкшетауға барып, қырық жетісін алып келуге кетіп қалады. Азар болса ағайыннан жиып алармын деген ойы болады. Ал Біржан болса малын даулай, Ғалиядан күдер үзген соң, билердің сотына түседі. Сотта Ғалияның сөзі басым болып, әйелден бірінші рет дауға шыққан, әрі сұлу, әрі өткір Ғалия Біржанды ешуақытта сүймегенін айтып, оның сабап адамды қорлағанын бетіне басып, балуан Шолақты жақсы көретінін әшкерелеп, жеңіп шығып, басына бостандық алады. Біржан малдан да, әйелден де жұрдай болып қайтады.

     …Көкшетау Балуан Шолақты жамандықпен қарсы алады. Балуанға жоғалған сексен өгіздің жаласы жабылып, өзі жоқ болған соң, оған тағы Семейде ұрланған бір топ жылқыны да тіркеп қояды. Сонымен Шолақты түрмеге жабады. Шолақ кешігеді. Ғалия не қыларын білмей сасады. Оның үстіне Біржанның адамдары Ғалияны Шолаққа қостырмау жағын қарастырады. «Шолақ бәлен жылға жер аударылыпты», «Балуанның елде тағы екі әйелі бар екен» деген сөздер таратады. Шолақ кешіккен сөң бұл әңгіменің бәрі Ғалияға рас болып көрінеді. Ол әрі бері толқып, ойланып, әкесінің меңзеуі бойынша Есенжолдың Қанапиясы дегенге күйеуге шығады. Бірақ Балуан Шолақты өсектеген жұрт Ғалияны шатастырады. Қанапияның да әйелі бар болып шығады. Сөйтіп, Ғалия тоқалдыққа келген болады. Барып қалған соң амалсыз біраз жүреді. Бірақ Қанапияға тоқал болып тұру Ғалия үшін үлкен азап болады.

         Балуан болса Ғалияны сағынады. Ғалияның хабарын біле алмай, неше саққа жүгіріп Ғалияның атын әнге қосады. Оның үстіне бұл кезде Балуанды Қараөткел түрмесіне ауыстырған болатын. Ғалия дауысымды естіп келер ме деген үмірпен, Балуан түрме әкімдерімен келісіп, қора ішіндегі бір аласа үйдің төбесіне шығып домбыра тартып, ән айтуға ұлықсат алады.

        Шолақ неше түн ұйықтамай күтіп, күдерін үзбейді. Бірақ сонда да Ғалия бір келмейді. Ақырында түрме күзетшісі Балуанға суық хабар алып келеді. Ғалияның әлдеқашан алданып тоқалдыққа кеткенін, барған жерінде жылап жүргенін айтады. Шолақ қатты күйзеліп, іштегі шерін Ғалияға арнаған тағы бірнеше әндермен шығарады. Көп ұзамай түрмеден босап шығып, Тілеудің үйіне барып, Ғалияның жайына қанады. Ғалиямен біржола арасын үзіп, өзінің еліне, әйел, бала-шағасына қайтады. Ғалия болса Қанапиядан кетіп, Қоянды базарына барып қымыз сатады. Онда Семейден келген бір байдың баласы Ғалияға қызығып, қырық аттың пұлын қалтасына салып Ғалиямен еріп Қараөткелге келеді. Арада бірнеше жыл өткен соң Ғалия Қалиды ертіп Семейге келіп, оның бұрынғы әйелінен кешірім сұрап, өзінде бала болмаған соң оның бір қызын сұрап алып, бойжеткен соң өз қолынан ұзатады. 1922 жылы Ғалия туберкулез ауруынан 35 жасында қайтыс болады.

shynyrau.kz

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер