Шәмші Қалдаяқовпен бірге болып, бір көруді мақсат тұтып келіп отырған бірқатар көрші-қолаңдармен бірігіп Шәкеңнің сол «Қаракөзін» орындадық. Ән орындалып болған соң мен: «Шәке, мына отырған тыңдарманға осы әннің шығу тарихы жайлы бір-екі ауыз айтып берсеңіз...» – деп қолқа салып едім, ол кісі анау-мынау деп жатпастан, әңгімеге көшті.

 

«Бұл – менің алғашқы күннен халық арасында жиі орындала бастаған әндерімнің бірі, – деді Шәкең. – Жасыратыны жоқ, мен оны қаланың бір қаракөз сұлуына арнап шығардым. Бірақ сәйкес келетін сөзін жазуда көмекші керек болды. Алматыдағы Құрмағазы атындағы консерваторияда оқып жүрген кезім болатын. Көмекке келген осында бірге оқитын Мәдеш деген әнші жігіт мені оқтын-оқтын ақындар бас қосатын «Алматы» ресторанына бастап барды. Ол жерде біз Қуандық Шаңғытбаев пен Ізтай Мәмбетов деген ақындармен кездесіп, менің хал-жағдайымды ол кісілерге Мәдеш айтып берді. Әлгі Қуандық пен Ізтай аға маған  алдымен тесіле қарап алып: «Ал, бала, әніңді орында!» – деп бұйырды. Мен салған жерден сәл қысылдым, әнімді орындап бердім. «Жетеді! – деді Қуандық аға. – Мына әнің керемет екен!» «Сөзі де дәл сондай керемет болса, кәнеки!» – дедім мен. «Дұрыс айтасың. Алқымыңды қысып, алқынып тұрған сенің мына әніңе сөз жазуды мен мына Ізтай ініме тапсырамын», – деді Қуандық аға қабатында отырған Ізтайдың иығынан қысып-қысып қойып. Мен де Ізтай ағаға жақындай түсіп: «Өлең нағыз қаланың қыздарына арналған болуға тиіс. Себебі мен бүгіннен бастап Алматының қыздарына ғашықпын!» – дедім де Ізтай ағаның бетінен сүйіп-сүйіп алдым. Біз сол күннен бастап Мәдештің арқасында Ізтай Мәмбетовпен дос боп кеттік».

        Осыны айтқан Шәмші аға дастархан басында жағалай тым-тырыс отырып тыңдап қалған ауылдастарыма ерекше ықыластары үшін рахметін айтып, маңдайдағы терін сүртті.

Серікбай ТҰРЖАН

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер