Қонаев: "Қонаевтің қолынан бәрі келеді" дегені болмаса, Қазақстанның бар билігі Мәскеудің қолында екенін біреу біліп, біреу білмейді. Біздер әлі тәуелдіміз. Ел мүддесін қорғап, жоғарыдағылармен жағаласып жүргенімде, бар сенгенім -қазағым бұл жақта ру-руға бөлініп, өзді-өзі қырқысып жатады. Қазақтар руға бөлінбей, біріксе ғана жауға алдырмайтын айбынды ел болатынын жырлаған Сүйінбай ақын неткен данышпан, неткен көреген!

Шәмші: Димаш аға! Рушылсың деген өсекке қалам ба деп, қай рудан екенімді ешкімге айтпаушы едім. Енді айтамын.

Қонаев: Солай ет, Шәмші. Қазақта " Түбін білмеген түгін білмейді" деген сөз бар... Жеті атасына дейін жазбай білетін атамызлың айрықша қасиеті де осында. Қаны таза кісінің дені де, тілі де сау. "Мен Қазақпын" деген Жұбанға да талайлар таяқ ала жүгірді-ау...

Шәмші: Димаш аға, қазағым айдын шалқар теңіз болса, мен сол теңізге ескексіз малтыған кішкентай қайықпын.Сондықтан сізге айтар өтінішім көп. Менің артымда сізді аруақтай сыйлайтын қазақ деген халқым бар. Сізге солардың тілегін айтайын.

Қонаев: Айт.

Шәмші: Бүгінде бүкіл әлемге әйгілі Қазақстанның дәуірлей өркендеп, бақ-дәулеті барынша өсуіне теңдесі жоқ үлес қосқан сізді "ардақтым" деп білетін халқыңыз сіздің аман болуыңызды тілейді.

Шәмші осыны айтып болып, орнынан тұрып,Қонаевқа бас иді. Бұл сөзді ойлы пішінмен тыңдаған Қонаев та алғым айтқандай болып бас изеді. Сезімтал Шәмшінің құлағына алыстан салған "Елім-ай" естілгендей болды.

Қонаев: Өмірдің осы бір ұзақ та шаңғыт жолында біраз нәрсе атқарған шығармын. Бірақ мен оны "еліме сіңірген еңбегім" деп емес, "борышым" деп білемін. Менің бар арманым - халқымның бірлігі пен ұлан-ғайыр даламның тұтастығын сақтау болды. Жатсам тұрсам соны ойлап, менен бұрынғы хатшының Өзбекстанға беріп жіберген үш ауданын айқасып жүріп кері қайырттым... Нұрмолда, Ыбырай, Мұқтар секілді ардақтылардың аты бүкіл Одаққа үстем болуы үшін таластым. Тың игеруді ойлап тапқан. Хрущев қазақ даласын орыстарға толтырса, мен нанымның молдығымен басқаларды жасқауды мақсұт еттім. Өз халқыма, қайран қазағыма сіңірген жалғыз еңбегім осы деп білемін...

Оразбек Бодықовтың естелігінен

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер