Журналист Төреғали Тәшенов бір кездері имандылыққа бет бұрып, құбылаға қарап, намаз оқып, бес уақыт жайнамазға жығылып жүрді. Ораза айтты асыға күтіп, ел қатарлы ауыз бекітіп, жұма намаздан да қалмайтын. Бір күні әріптестеріміздің бірі той жасап, ұжымдағылардың бәрін қуанышына ортақтасуына шақырды. Тойдың бел ортасында Төкең «өте көңілді» боп шыға келді. Сырттай қараған адамға бас құданың нақ өзі секілді. «Іштегі микробтарды «өлтірейін» дегені шығар» деп қоя салдық. Қас қылғандай ұжымда той да, салтанат та көбейді. Төкең де «бәйгеге» жиі-жиі қосылып, аттың басын еркін жіберетін болды. Гайкісі босап, жайнамазға емес, жерге жығыла беретін болған соң:

- Төке, күні кеше намаз оқып жүр едіңіз. Мұныңыз не? Исламға қайшы емес пе? Сіздікі қай ислам? - дейді «Айқын» газеті бас редакторының орынбасары Берік Бейсенұлы.

Сонда Төкең:

- Біздікі «Мягкий ислам ғой. Анда-санда ұрттап тұруға болады» деп бәрімізді қыран-топан күлдіріп алды.

 

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер