«Араны ашылып» деп әдетте тойымсыз жемқорға, дүниеқоңыз парақорға ғайбат ретінде сыртынан айтып жатады. Ал негізі аран сөзінің шығуы мен қолдану тәсілі  тым ерте заманда болған. Сонымен...

Аран – аң аулаудың ерекше тәсілі. Тау шатқалдары арасынан ені тарлау істеліп, тас пен ағаштан қоршау жасап, олардың жан-жағына аң кіргеннен кейін шегініп шыға алмайтындай өткір істік қадалар орнатылады. Аңдарды қаумалап үркітіп келіп, аранға, яғни қоршауға енгізген кезде, кірген аң сасқалақтап істік, қадаларға түйреліп қозғала алмай абдырап қалады. Осы сәтте аңшылар аңдарды оңай соғып алады.

          Аранға киікті қаумалап кіргізу туралы деректі А.Левшин еңбегінен кездестіруге болады. Суат маңына қамыстан жартылай дөңгелете қоршау жасалады. Қамыстың өткір сүйрік жағы қоршаудың ішкі жағынан шығып тұратындай етіп орнатылады. Торуылдап жасырын отырған аңшылар суатқа келген киіктерді үркітеді. Жануарлар суаттың қоршау жағынан қалдырылған ашық жерге қарай қашып, қоршаудан қарғып өтуге ұмтылған кезде, қамыстың өткір ұшына арандайды. Жараланған киіктерді ұстап алып, қалыптасқан тәсілмен пышақпен бауыздайды.

          Аранның бір түрі – бастарын сояу-сояу істіктеп қысқа шабылған қамысты мұздың бетіне орналастырады. Оған қояндар арандалғыш келеді. Қазақтың ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді деуі осыған байланысты айтылса керек.

         Иен даладағы арнайы қазылып жасалған аран түрлерін қамба немесе ұра деп те атайды. Ол аң көп жүретін   жерлерге тастан, ағаштан, шіліктен қоршау тәрізді етіп жасалынып, оның түйіскен тұсына терең апан немесе ұра қазады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер