Олимпиада чемпионы, Баркер кубогының иегері Василий Жировты басқалардан ерекше даралайтын бір қасиеті – оның төзімділігі деп қазір кесіп айтуға болады. Апачинскийдей адамды аяу дегенді білмейтін бапкердің қатал тепкісінен өту дегеніңіз екінің бірінің қолынан келмес шаруа еді. Жаттығу кезінде екі қолын көтеріп қойып, жуандығы оқтаудай сырықпен қос қабырғадан, жон арқадан еті қатайсын деп оңдырмай ұрғылағанда шыдауына тура келген. Көлдің ортасына апарып суға тастап кеткенінде, қу жан деген тәтті емес пе, бәленбай шақырым жерден жүзіп өтіп, жағаға жетіп жығылады екен. Ал моншаның буына еңбектеп қашқанына дейін ұстайтыны ше?

           Айта берсең, Апачинскийдің аңызға бергісіз мұндай «сұмдығы» көп-ақ. Осындай «тепкіден» өткен Василий үшін шаршы алаңдағы айқас біткен баланың ойынындай-ақ болып қалатыны сөзсіз еді. Жалпы, әуесқой бокста жартылай ауыр салмақтағы Жировтың найзағайдың жарқылындай шапшаңдығына жылдамдығы ілесе алатын боксшы некен-саяқ болатын. «Жиров мұнысы үшін алғысты Джекке айтуы керек», – деп күледі Апачинский. Бапкер сөзінің жаны бар: жаттығу кезінде ол өзінің әлгі «Джек» деп аталатын қабаған овчаркасын Жировқа қосатын көрінеді. Сонда байғұс Вася екі өкпесін қолына алып, ұзын дәліздің бойымен зымырағанда, итке жеткізбей барып түпкі есікке кіріп үлгереді екен...

           Аға буын жанкүйерлердің есінде болар, Василий Жиров өзі қатысқан жекпе-жектердің үзілісі кезінде басқалардай бұрышқа жалп етіп отыра кетпей, тек қана түрегеп тұрып демалатын. Орайы келіп тұрған соң, бапкерден осының сырын сұрадым. «Жаттығу кезінде, – дейді Александр Иванович, – Васяның бір раундының өзі кейде жиырма-отыз минутқа созылып кететін. Сонан соң, оны мен раунд арасындағы үзілісте түрегеп тұрып демалуға үйреттім. Неге десеңіз, түрегеп тұрған боксшы мен отырып демалған боксшының тыныс алуында аспан мен көктей айырмашылық бар. Мәселен, отырған боксшының ішіне өтетін ауа жолы жабылады да, күшін қайта қалпына келтіруі қиындай түседі. Бұдан бөлек, түрегеп тұрып демалған боксшының мысы қарсыласын қашанда басып тұрады. Бұл – психологиялық тұрғыдан өте маңызды».

Қайрат ӘБІЛДИНОВ,

 «Егемен Қазақстан»

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер