Жұмабек Тәшенев  1960-61 жылдары аз уақыт Үкімет басшысы қызметінде болғанда  қазақтың барлық шығармашылық адамдарына, дарынды тұлғаларына пайдалы іс жасауға белсене кіріскен. Мәселен, 1958 жылы қазақ өнері мен әдебиетінің Мәскеудегі өте тамаша онкүндігін паш етіп өткізуге үлкен күш-жігер жұмсап қана қоймай, бес бірдей қазақ өнерпаздарына(Қ. Қуанышбаев, Р. Жаманова, Е. Серкебаев, Ш. Айманов, М. Төлебаев) ең жоғары атақ — КСРО Халық әртісі атағын алып беруде де Жұмабек Тәшенев үлкен қажырлық көрсеткен. Осыған дейін мұндай көлемде топпен жоғары атақ алу қазақ топырағында болмаған екен. Кейін Тәшенев Совминнің төрағасы болып, 1960 жылы қазіргі Алматыдағы Қонаевпен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы 120 пәтерлік үлкен жаңа технологиямен салынған үйді түгелімен өнер мен әдебиет қайраткерлеріне бергізді. Осы Қонаев көшесіндегі № 135 үйді бүгінге дейін жұрт мақтаныш реттінде «Қазақ ауылы» немесе «Тәшеневтің үйі» деп атайды. Бұл үйге кірген атақтылардың ішінде Ілияс Омаров, Бибігүл Төлегенова, Гүлфайруз Ысмаилова, Кәукен Кенжетаев пен Шабал Бейсекова, Жамал Омарова, Сейфолла Телғараев, Құрманбек пен Шолпан Жандарбековалар, Шара Жиенқұлова, Қапан Бадыров, Жүсіпбек пен Хабиба Елебековалар, жазушы Хамза Есенжанов, Зейін Шашкин, Жүсіп Алтайбаев, Балғабек Қыдырбекұлы, оқымыстылар Әбді Тұрсынбаев, академик Ермековтер бар. Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің баспаналы болуына Жұмабек Тәшеневтің көмегі тиген екен. Ол өнер адамдарына қамқорлық жасау арқылы, қазақ өнеріне, мәдениетіне жанашырлық танытқан.

«Тіл» журналынан ықшамдалып алынды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер