2004 жылы Афинада өткен олимпиада қазақстандық боксшы Бақтияр Артаев чемпион атанып, ел абыройын асқақтатқаны белгілі. Олимпиаданың ең соңғы күнінде ел қоржынына алтын салған саңлақ спортшы аталған жеңісінен кейін елге оралып, өз жанкүйерлерімен кездесті.  Дәстүр бойынша ол барлық өңірлерді аралады. Соның ішінде Сыр еліне де атбасын бұрып, Сырдария ауданында болды. Орталық алаңда концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, аудан әкімі спортшыны жеңісімен құттықтап, жергілікті ақын өлең оқиды және шапан жабылады деп жоспарланды. Қызығы сол, іс-шарада спортшыға жабылған шапан «өз иесіне» қайтып келді.

         Спортшыны күтіп алып, шығарып салу жұмыстары сол кездегі аудан әкімінің орынбасары Қайрат Сәрсенбаевқа жүктелді. Уақыттың тығыздығына байланысты қала орталығына барып шапан алуға үлгермейтінін білген Қайрат Әубәкірұлы чемпионға жабылатын шапанды жергілікті ақын, ардагер-журналист Мұхтар Сақтаповтан 15 000 теңгеге сатып алады. Сценарий бойынша аудан әкімі құттықтау сөз сөйлеп, кейін ақын Мұхтар Сақтапов арнау өлең оқып, Бақтияр Артаевқа шапан жабылады. Сол кезде шапанның сахнада тұрған ақын Мұхтар Сақтаповтан сатып алынғанынан бейхабар ел мақтанышы Бақтияр Артаев ізеттілік танытып, арнау өлеңіне рахмет есебінде әлгі шапанды ақынның өзіңе жабады. Осылайша, ақын Мұхтар Сақтапов өз қолымен сатқан шапаның қайтадан өзі иеленеді.

Ақтөре Ибрагимұлы

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер