Коко Шанель 1883 жылдың 19 шілдесінде Францияның орталығындағы Сомюр атты кішкентай қалашықта дүниеге келді. Шын есімі – Габриель Бонёр Шанель. Анасының өлімінен кейін, қыдырма саудагер болып жұмыс істейтін әкесі қызды жетімханаға өткізеді. Ол сонда 1895-1900 жылдары тұрады. 1902 жылға дейін Коко монах әйелдерінің арасында тәрбиеленді. Осы әйелдер оған тігін тігуді үйретеді. Кейіннен Шанель Мулендегі Au Sans Pareil атты шұлық сататын дүкенде жұмыс істеді.

            Бойжеткен Коко лақап атын Viсhy және Moulins аталатын кабарелердің сахнасына шығып, әнші болуға талпынып жүргенде иемденді. Дәл сол жерде ол беделді француз ақсүйегі Этьен Бальзанмен танысады. Этьен оған өз ісін ашуға көмектеседі.  Сұлу бойжеткен ес-түссіз  Артур Капельге ғашық болды.

          Өкінішке орай, ғашықтық сезімнің құшағында жүрген Коконың бақыты ұзаққа бармады. Сүйіктісі автокөлік апатына тап болып, бақилық болады. Коко бұл оқиғадан кейін, ешкімге тұрмысқа шықпады. Ел сөзіне сенсек, Шанель өмір бойы Артурды жоқтап өткен екен. Өзі ылғи да қазалы киімді киіп жүре алмағандықтан, күллі әйел қауымын қараға киіндіріп қойған. Коко Шанельдің айналасында жігіт атаулы көп жүретін. Ақсүйектер, патша отбасының мүшелері, белгілі шығармашылық адамдары, тіпті орыс князі Дмитрий оған Камбон көшесіндегі Сән Үйін ашуға көмектесті. Оған ғашық жандардың арасында белгілі суретші Пабло Пикассо, атақты орыс сазгері Игорь Стравинский болды. 10 жыл бойы ғашықтық сезімін білдіріп жүрген герцог Вестминстерскийдің үйлену туралы ұсынысына Коко: "Герцогиньдер көп, ал Шанель жалғыз" деп жауап берген. Коко өмір бойы жар құшып, бала сүю бақытынан мақұрым қалды.

        Шанельдің  жекеменшік үйі болмаған. Шанель 30 жылдан астам уақыт бойы қонақ үйде өмір сүріп, қонақ үйде көз жұмды.

Ықшамдаған НҰРЛАН ҚАЗИҰЛЫ 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер