Қасиетті Ораза айында ауыз бекіткен ағайынға, оқырмандарға композитор, ақын Гүлнәр Шәмшиеваның «Қасиетті Ораза» әнін ұсынбақпыз. Әр әннің шығуына  бір жағдай түрткі болады ғой.  

           - 2015 жылы Алматыда Жазушылар Одағында шығармашылық кешім өтетін болып 5-6 өлеңімді әншілерге ертерек бөліп бердім. Роза Әлқожаны үйге шақырдым. Кешкілік келіп түн ауғанша  әндерімді тыңдап, бірнешеуін іріктеді. Шығармашылық кештің алдында Роза хабарласып,"Нәзік сезімді" Мақпал Құлшынбаева екеуі орындайтынын жеткізді. Сонымен не керек, шығармашылық кештің күні келіп, ортасына таяған тұста Розаның інісі Әлқожа мен Шерхан Мұратұлы кеп, менің "Қасиетті ораза" әнімді орындаймыз деді. «Дайындықсыз, тосыннан қалай болады?»,-деп тосырқап, алаңдағаным да рас. Қос ұлдың әкелген флешкасын қызым Сайран ала жүгіріп, бағдарламаның  соңына қойғызды. Кештің соңында ұлдар рухани әнді қалықтата жөнелді. Мен  алғаш рет сахна сыртында тыңдап тұрып, жасқа ерік бердім.

       "Я, Алла, сансыз шүкір! Иләһи әндерім де жарыққа шықты міне, күтпеген жерден. Он төрт жылдан кейін өнерсүйер қауымға ән ұсынамын деп па едім?! Қайта шығардың! Осы күнді көру жазған екен, жаратқанның (дерттен)аман алып қалғаны қандай жақсы болған, алғыс саған Алла"-, деп сахна сыртында оңаша жерде солқылдап жылап алдым.  Бұл әннің менің жаныныма жақын, кеуіліме ыстық болатыны да сондықтан»,-деп  композитор ішіндегі шерін шығарды.

«Розаның азаматтығына разы болдым.  Кейбір әншілер секілді уәдені үйіп-төкпей тиянақтап әндерімді тыңдап, «Нәзік сезімді» орындады. Рухани інілеріне әкеліп «Қасиетті Оразаны сахнаға алып шықты»,- деп Гүлнәр ханум сөзін қайырды.

НҰРЛАН ҚАЗИҰЛЫ 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер