– Айтыс өнерінде өшпес із қалдырған Жандарбек Бегімбетов, Оразәлі Досбосынов, Есенқұл Жақыпбеков, басқа да өмірден озған ақындарға күнде құран бағыштап отырамын. Тірі болған соң тіршілігімізді істейміз ғой, құран бағыштау – парызымыз. Өмірден өткен сол ақындардың шырақшысы құсап қалқайып отырмын.

Оразәлі жастай қыршын кетті. Не қызық көрді дейсің бұл өмірден. Жарқырай көрініп келе жатқан бала еді. Оразәлі өлгенде топырақ салуға бардым. Қолымыздан басқа не келуші еді?

       Есенқұлдың қадірін білмедік. Осыны Жамбыл ауданы әкімінің бетіне айттым. Ең болмаса, екінің бірі алып жатқан «Ауданның құрметті азаматы» деген атақты да бермеді. Есенқұл екінің бірі емес еді ғой. Өлерінен бір ай бұрын әкімқаралар «Құрметті азамат атандырамыз» деп сәлем жолдапты. Осы бір болмашы құрметті Есенқұл қатты тосқан ғой. Жиналыста «Құрметті азамат» атанғандардың қатарында аты-жөні аталмай қалғанда Есенқұлдың қандай күйге түскенін түсініп отырған шығарсыз? Өлгеннен кейін екі том кітабын шығарыпты. Өздері үшін...

Қалдырмай ескерусіз бір ісін де,

Талантты бағалаңдар тірісінде!

Кейде біз ондайлардың жасы түгіл,

Келеміз қадірлемей ірісін де! - деп келетін өлеңі бар еді ғой Қадыр ақынның. Есенқұлды қор қылмай, тірісінде неге бағаламады?!

Айтыстағы ең оңтайлы қарсыласым Есенқұл еді. Біз бір-біріміздің көңілімізді қалдырмай, өкпелетпей, бетімізден алмай, бірімізді-біріміз демеп айтысатынбыз. Палуандар «оң жамбасыма келетіні осы» деп жатады ғой, Есенқұл маған сондай оңтайлы қарсылас болды.

          Әсия екеумізге кездескен сайын Есенқұл: «Қыздар-ау, менің атағым қайда? Айтысқа бәріміз қатар шыққан жоқпыз ба?» дейтін. Мұңды да түсінетін адамға айтады. Біздің қолымызда не билік бар дейсің, «Есенқұл-ау, ел-жұртың бар емес пе?» деп құтылатынбыз.

           Есенқұл да мен сияқты «Халық ақыны» атануы керек еді. Алматы облысында ақынын бағалайтын бір азаматтың табылмағанына қынжыламын. Асқар Мырзахметов, Дархан Мыңбай, Әли Бектаев сияқты ақынын құрметтей білетін азаматтар Алматы облысының басшылығында жүрсе, Есенқұл қор болмайтын еді. Осы жайт менің жүрегіме салмақ салады.

Айтыс ақыны Әселхан Қалыбекова

Сұхбаттасқан  Ерік Рахым 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер