Чарльз МакГрэт. АҚШ азаматы, саяхатшы, ұшқыш, экстремалды спорт түрлерімен айналысады. Бұған қоса, Чарльз қазақ телевизиясындағы бірегей жоба – «Авиатор» бағдарламасын жүргізеді.

Америкалықтар мен қазақтардың қандай айырмашылықтары мен ұқсастықтары бар? Чарльз үшін жылқы етін жеу қиынға соқты, неге? Тағы қандай мемлекеттерге барғысы келеді? Біз қазақ даласына құс ұшар биіктіктен тамсанып жүрген саяхатшымен әңгімелескен едік. Назарларыңызға сол сұхбатты ұсынамыз, достар!

ОТБАСЫ

Менің әкем кәдімгі америкалық, ирландиялық әрі неміс. Анам – Тайваньнан. Түрімнен де білінеді ғой, аралас некеден туған перзентпін.

Анамның ықпалы шығар, біздің үйде отбасылық құндылықтарды бәрінен жоғары қояды. Әке – жанұямыздағы ең беделді кісі, қорғаушы әрі қамқоршы, бәрі де отбасы ұшін деп жүретін адам. Бұл - кез келген азиялық отбасыға тән тамаша құбылыс.

Екі сіңлім бар. Үйдің үлкенімін, «ағасы бардың жағасы бар» демекші, екеуін әрдайым қорғаштап, қамқор болып жүремін.

ӨЗІМ ЖАЙЛЫ

Туған жерім – Калифорния. Брюс Ли мен жауынгерлік өнерді жақсы көремін. Бұл қызығушылығым сәйкесінше көптеген спорт түрлерімен айналысуға итермеледі. Бәріміз де Брюс Лиге қарап бой түзедік, азиялықтар түгіл, бүкіл әлем оны пір тұтады.

Бір кездері әйгілі актер болғым келді. Кейін халықаралық қатынастарға көңілім ауып, жер жүзін аралаймын деп шештім. 15 елге саяхат жасап, талай тамаша адамдармен таныстым. Ел көрдім, жер көрдім. Өмірдің мәні осында шығар деп ойлаймын.

Біз жаһанданған әлемде өмір сүреміз. Жоғары деңгейдегі қарым-қатынас болсын, күнделікті күйбең тіршілік болсын, бәрі де бір-бірімен тығыз байланысты. Әлемде қаншама өзекті мәселе шешімін таппай жүр. Сол үшін адамдар бір-бірімен еркін түсінісуі қажет, тілдерді менгеруі тиіс.

Бала кезден жауынгерлік өнерге әуес болдым, әлі де айналысамын. Бастапқыда темпо-каратэмен шұғылдандым, кейін боксқа, кикбоксингке көштім. Жақын арада джиу-джитсу атты спорт түріне ден қойдым. Бұл менің сүйікті ісіме айналды.

Бейсбол, баскетбол, футбол сияқты дәстүрлі америкалық спорт түрлері мені аса қызықтырмады. Жауынгерлік өнерге жан тәніммен берілдім. Әйтеуір спорттан қол үзген жоқпын.

Анда-санда жұрттың назарына ілігіп қаламын. Алматының әуежайында жүргенде жүктерді тексеретін қызметкер маған тесіліп қарады. Қап, бірдеңе тауып алды ма ішінен деп алаңдай жөнелдім. Бір кезде иыққаптағы жазуды оқып, «Авиатор» деп жар салғанда жүрегім орнына түсті.

САЯХАТ

Кеңес Одағы біз үшін жабық болды, сол себепті оған деген қызығушылық арта түсті. Қазіргі ТМД елдеріне барып, ондағы өмірді өз көзіммен көрсем ғой деп армандайтын едім. Шыны керек, әлем өзгерді. Балтық теңізі жағасындағы елдер - Эстония, Латвия мен Польшаға барғым келеді. Қытайға да әлі жеткем жоқ.

Шарын шатқалы, Көлсай мен Қайынды көлдеріне барғанда ескі, шұрық-тесік жол бойымен жүруге тура келді. Тоқтауға мәжбүр болдық. Сол сәтте бір табын жылқы алдымызден зу етіп өте шықты. Далада жайылып жүрген жабайы жануарлар ма, біреудің меншігіндегі үйір жылқы ма деп таң қалдық.

ҚАЗАҚСТАН МЕН ОНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ

Қазақстанға келуімнің бірден-бір себебі – бұл аймаққа тән халықаралық қатынасты зерттеу, орыс тілін меңгеру және диссертациямды жазып, магистр дәрежесін алу.

Мұлдем басқа қоғамдық қатынастарды көргенде АҚШ-тан немесе батыс Еуропа мемлекеттерінен келгендер сәл-пәл есеңгіреп қалады. Бұған дейін Мәскеуде қызмет еткенімінің пайдасы шығар, Қазақстанға тез үйреніп кеттім. Мәскеуде жүргенде ағылшын тілінен сабақ бердім, қаржы саласында қызмет еттім, елі ішінде біраз саяхаттадым.

Жергілікті тұрғындар Американың шығыс жағалауында тұратын халыққа ұқсайды. Үнемі асығады, жұмысы көп, сондықтан болар көбінесе ашулы жүреді.

Иттерді қалай жақсы көрсек, жылқыларға да жанымыз соншалықты құмар. Қарным аш болғаннан ба, дәмі тіл үйірер стейкті жеп қойдым. Жылқы етінен жасалыпты. Тамақтанып болғаннан кейін «Өкіл әке» фильміндегі бір үзінді есіме түсті.

Қазақтар - өте мейірімді, адал, қонақжай халық. Көңілі кең, қонақ десе, ішкен асын жерге қояды, үйіне шақырғанда ең дәмдісін алдына жайып салады. Қазақтар менің отандастарым сияқты ашық, жылы шырайлы, емін-еркін араласуға бейім.

Мұнда таксиді жолға шығып ұстайды. Жүргізушілермен әңгімелесіп, қайдан келгенін сұрап білуге болады. Көлігіне шетелдіктер отырса қуанады, оны қызық санайды. Орыстар сияқты жүзі жылы, қолындағысын аямайды. Сыйлық беру дәстүрі - ғажап.

Америкалықтар көбінесе белгілі бір мақсаттарды қойып алып, соған жетуге асық. Мен кездестірген қазақстандықтар күнбе-күн тіршіліктен рахат алып, болашақта не болатыны жайлы аса алаңдамайды. Нақ осы шақтан ләззат алып, осылай өмір сүру керек шығар деп топшыладым. Алайда Ресейде де, мұнда да кәсіпкерлікпен айналысам дейтін амбициясы жоғары азаматтар жетерлік. Өз басым Қазақстанда жүріп, өте еңбекқор, біліктілігі жоғары, білімді, қабілетті адамдарды көп кездестірдім. 

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер