Түркияның Анкара қаласында Астананың 20 жылдық мерейтойына орай конференция өтті

Түркияның Анкара қаласында Астананың 20 жылдық мерейтойына орай конференция өтті. Шара барасында түріктің саяси тұлғалары, танымал ғалымдары мен іскер топ өкілдері бас қосып, еңселі елордамыздың қалыптасу тарихына қатысты мазмұнды баяндамалар жасады.

ЯЛЧЫН ТОПЧУ, ТҮРКИЯ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ БАС КЕҢЕСШІСІ:

 - Мен үнемі Астана мен Анкара бауырлас қалалар деп айтып жүремін. Өйткені Түркияның негізін қалаушы, қаһарманымыз Мұстафа Кемал Ататүрік Анкараны бас қала деп жариялау себебі қандай болса, көреген саясаткер, білікті басшы Нұрсұлтан Назарбаевтың орталықты Алматыдан Астанаға көшіруі дәл сондай тарихи маңызды шешім болды. Сондықтан ұлы тұлғалардың өмірі, көзқарасы, құндылықтары бір-біріне ұқсайды және толықтай үйлеседі. Екеуі де еркін, азат және зайырлы мемлекет құру жолында халықтың рухын қайта тірілтті.

Алқалы жиын аясында «Ұлы дала Астанасы» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Жинақта Түркияның саяси тұлғалары, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің Астана жайлы және Елбасының бауырлас қос елдің өзара байланысын дамытудағы маңызды рөлі туралы толғаныстары, сараптамалық мақалалары, зерттеу еңбектері мен жылы лебіздері беріліп отыр.

МҰСА ЙЫЛДЫЗ, ҚАЗАҚ-ТҮРІК УНИВЕРСИТЕТІ ӨКІЛЕТТІ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

- Астана – түркі дүниесі мен әлемдік қауымдастық үшін өте маңызды қала. Ол – бейбітшілік ордасы. Сириядағы азаматтық соғысты қарумен емес, келіссөз арқылы шешудің теңдессіз үлгісін көрсетіп, халықаралық ауқымды шараларды табысты өткізе білген Астананың абыройы асқақтап тұр.

АБЗАЛ САПАРБЕКҰЛЫ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҮРКИЯДАҒЫ ЕЛШІСІ:

 - Астана – Солтүстік пен Оңтүстіктің, Батыс пен Шығыстың тоғысында жатқан тек Қазақстан үшін емес, түркі әлемінде ғана емес, жалпы Еуразия құрлығындағы жас қала. Жас қала болғанына қарамастан өзінің беделін, айрықша орнын, дипломатиялық жетістігін, бейбітсүйгіш статусын дәлелдеген келешегі зор қала ретінде мойындап отыр.

Жаңа жинақ қазақ және түрік тілдерінде жарық көрді. Ұйымдастырушылар бұл туынды бауырлас 2 елдің саяси және мәдени байланыстарының нығаюына серпін беретініне сенімді.