Сәйгүлігін баптап, аттың құлағында ойнаған шабандоздар, құралайды көзіне атқан мергендер, жаужүрек батырлар, құсбегі итбегілер, он саусағынан өнер тамған шеберлер. Арқа төріндегі этоноауыл көшпенділер мәдениетінің әлеміне айналғандай. Мұнда келушілер тура бір ортағасырлық кезеңге тап болғандай сезімге бөленді. Оның басы-қасында жүрген халықаралық этнофестиваль қатысушылары елорданың 20 жылдық мерейтойына осындай ерекше тарту жасады. 

АНДРАШ БИРО, АНТРОПОЛОГ, /ВЕНГРИЯ/:

 - Сәлеметсіздер ме, құрметті қазақтар, құрметті қазақ бауыр-туысқандар. Біз Мажарстаннан келдік. Астана қаласының 20 жылдығы құтты болсын! Мажарстаннан, мажар халқының жүрегінен үлкен сәлем!

Қамбар ата төлі қолға үйретілген көне Ұлы дала мәдениетіне саяхат жасауға 7 елдің көшпенділер ұрпағы атсалысты. Әрбірі қаз-қатар киіз үйлер тігілген бір-бір ауылдың түтінін қайта түтетті. Түбі бір бауырлас халықтардың шежірелі тарихы, қазыналы мәдениеті, әдет-ғұрпы мен тұрмыстық салтынан сыр шертетін көріністер қойылды.

ДАНИЭЛЬ СЕРЖАНҰЛЫ, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:

 - Венгрияда өтетін дүниежүзіне белгілі «Түркі-ғұндық құрылтайы» бар. Ол жылына 250 мың адамды жинайды екен. Соның моделі бойынша өткізе бастадық. Біздің де мақсатымыз сол. Бұл фестивальді жыл сайын өткізіп, жан-жақтан туристер тартатын, көптеп келетін ауқымды шара етіп жасау. Осы мақсатта «Qazaq Geography» қауымдастығымен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы келісімге қол қояды.

Фестиваль бағдарламасы негізгі 3 бағыттан тұрды. Бірінші, спортшылар арасындағы тартыс.  Яғни әр елден келген мықтылар дала халқының ұлттық сайыстары бойынша өзара үздікті анықтады. Келесі сын – өнерпаздардың бәсекесі. Онда қатысушыдар өз халқының салт-дәстүрі мен төл мәдениетін паш етті. Кейінгісі – темірден түйін түйген шеберлердің тартуы.

АНАР ШАЙЫМҚҰЛОВА, ШАРАҒА ҚАТЫСУШЫ, /ҚЫРҒЫЗСТАН/:

 - Көшпенділер әлемі деген бұл қазақ-қырғыз халықтары ұлыстарына жақын. Өйткені біз көшпенді болып көшіп-қонып жүрген елденбіз. Қырғыз бен қазақ – садақ атып, саятшылық құрып, аң аулап жүріп азық тапқан өзгеше өнер иелері. Сондықтан Қырғызстаннан ең алғыр садақшылары мен өнердегілерден ұлттық фольклорлық ансамблі болып келдік.

РАЙЧО ГЕНЧЕВ, ШАРАҒА ҚАТЫСУШЫ, /БОЛГАРИЯ/:

 - Біз – ат үстіндегі ежелгі көшпенділердің ұрпағымыз. Олар Еуропаға жорық жасағанда осы жерде мекен еткен 1 топ Дулусо руы болды. Осы тек басшысының ұлы Аспаруг осы Ұлы даладан Дунайды кешіп Болгария елін құрды. Біз қазір Еуропада орналассақ та, тарихи отанымыз, түп тегіміз осы аймақтағы барша көшпенділерден шыққанын ұмытпаймыз.  

Өткеннің болмысын жаңғыртқан мәдени шарада жүздеген қатысушы қала тұрғындары мен қонақтары үшін естен кетпес мерекелік көңіл-күй сыйлады. Игі бастама екі күнге жалғасып, соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер