Халықаралық сарапшылар Астананы мерейтойымен құттықтады

Ерке Есілдің жағасында бой көтерген Астана – Қазақ елі тәуелсіздігінің нышаны. 20 жыл ішінде елордамыз еңселі шаһарға айналып қана қоймай, жаһандық мәселелер талқыға салынатын беделді алаң атанды. Қазақстан Астанасын мерейтойымен құттықтаған халықаралық сарапшылар осындай пікір айтады. БҰҰ Бас хатшысының бұрынғы орынбасары Анварул Карим Чоудхури елорданың мерейтойына орай жылы лебіздерін жеткізді.

АНВАРУЛ КАРИМ ЧОУДХУРИ, БҰҰ БАС ХАТШЫСЫНЫҢ БҰРЫНҒЫ ОРЫНБАСАРЫ /2002-2007ЖЖ./:

 - Астананың дамуы БҰҰ-ның әрдайым назарында. Астананың 20 жылдығы – бұл атаулы оқиға. Мен сіздің халқыңызға барлық жақсылықты, ал Астанаға гүлденуді тілеймін. Сондай-ақ Қазақстанның мәдени бейбітшілікті, адам құқықтарын, бейбітшілік пен қауіпсіздікті насихаттауын жалғастыра беруіне тілектеспін.

Елорданың 20 жылдығына Латвия-Қазақстан үкіметаралық комиссиясының басшысы және Балтия Республикасының байланыс министрі де ақжарма тілегін білдірді. Улдис Аугулис EXPO көрмесіне Латвияның қатысуы елдер арасындағы ынтымақтастыққа маңызды серпін бергенін атап өтті.

УЛДИС АУГУЛИС, ЛАТВИЯНЫҢ БАЙЛАНЫС МИНИСТРІ:

 - Мегаполис ретінде қарқынды дамып келеді. Латвия-Қазақстан үкіметаралық комиссиясының басшысы ретінде ЭКСПО-2017 көрмесінен соң екі ел арасындағы серіктестіктің нығая түскендігін айта кеткен жөн деп есептеймін.

Астананы 20 жылдық мерейтойымен шетелдегі қандастарымыз да құттықтауда. Братиславада тұратын Аманжол Қаһарман өз үйінде шам орнына – шаңырақ, ал төрге домбыра мен киіз үйді орналастырған. Ол күнделікті Қазақстан жайлы жаңалықтарды қалт жібермейді, сондай-ақ туған жерінің әрбір жеңісін мақтан тұтады.  

АМАНЖОЛ КАҺАРМАН:

 - Биыл енді еліміздің туған күні Астанамызға айтатыным – көркейсін, дамысын. Шет елде тұрып, өмір сүру оңай емес. Жүрегіміз елге бұрып тұрады, сол үшін әрдайым елге кетуді ойлаймыз.