Қазақ студенттері Астананы туған күнімен құттықтады

Шетелдегі белсенді қазақ жастары Прагада бас қосты. Бүгінгі таңда қазақстандық 2 мыңнан астам студент Чехияда білімдерін жетілдіріп жүр. Туған жерін сағынған олар Астананы туған күнімен құттықтады.

МАРЖАН ӘДІЛ, ПРАГАДАҒЫ ҚАРЖЫ ЖӘНЕ БАСҚАРУ ЖОҒАРЫ МЕКТЕБІНІҢ СТУДЕНТІ:

 - Бүгінгі жиында «Ерке сылқым» күйін орындадым. Үйді сағынғанда қолыма қара домбырамды алатын әдетім бар. Домбыраның әуезді әрі сиқырлы үні сағынышымды басады. Бүгін біз Астанамыздың туған күні құрметіне бас қостық, еліміздің жүрегі саналатын жас қаламыз жасай берсін!

Чех білім министрлігінің мәліметі бойынша, 17 жыл ішінде Қазақстаннан Чехияға білім алу үшін келген жастардың саны 70% дейін артқан. Қазақстандық студенттер мұнда Халықаралық қатынастар, менеджмент, экономика және медицина салалары бойынша білімін жетілдіріп жүр. Еуропаның дәл орталығындағы бұл елде отандық білім берудің сапасы өте жоғары деп саналады, әрі чех тіліндегі оқу тегін.

ДӘУЛЕТ ТҮЙМЕБАЙ, ПРАГАДАҒЫ ОРТАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТТІҢ СТУДЕНТІ:

 - Біздің қазақ жастарының шет елде жүріп, басын бірге қосып, бірлестікте болуы – әр қазақты қуантатын дүние. Бүгін біз Астанамыздың 20 жылдығына орай тағы да көп мәліметтермен алмастық.

Студенттер жыл санап Астананың шет елдегі беделі артып келеді дегенді айтады. Бұл ретте жырақта білімін жетілдіріп жүрген қазақ жастарының да қосып жүрген көмегі көп. Олар өз оқу ордаларының қабырғасында Астана туралы ақпарат таратып, еліміз туралы оң пікірдің қалыптасуына ықпал етуде.