Голландияның Астананың туған күніне тартуы

Голландияның Астананың туған күніне тартуы

Елорданың төрінде Голландияның бір бөлшегі пайда болды. Нидерландтың ұлттық нышанына айналған қызғалдақтар кейпіндегі арт нысандар – Корольдіктің Астананың 20 жылдығына тартуы. Бұл жай ғана әсем гүлдің бейнесі емес – сәндік қолданбалы дизайнерлік шешім. Әсем гүлдер ашылған сәтте орталық саябақта жайғасқан жайлы орындыққа айналады.

ӘСЕЛ ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

-  Мен – Астана тұрғынымын. Осы паркте күнде серуендеймін. Мына орындықтар өте ыңғайлы. Ашылады, әсіресе күн көзі келгенде өзіңнің ыңғайына қарай айналдыруға болады. Бізде Астанада жаңбар көп жауады. Бұл осылай жабылып қалады. Сондықтан бұл орындық әрдайым құрғақ болып тұрады.

Танымал голландиялық шебер Марко Мандерстің өнертабысы қайта өңдеуге жарамды экологиялық таза материалдардан әзірленген. Барлығы  25 орындық екі ел арасындағы ширек ғасырлық ынтымақтастықты білдіреді дейді, жоба авторлары.

НОРА ДЕССИНГ, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ НИДЕРЛАНДЫ КОРОЛЬДІГІ ЕЛШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қызғалдақтардың отаны Қазақстан екендігі баршаға мәлім. Ертеде Түркия арқылы түрлі жолдармен өсімдік тұқымы біздің елімізге жеткізілген. Ол бізде жетілдіріліп ел дәстүріне сіңісіп кеткені соншалық, Нидерландының ұлттық нышанына айналды. Қазақстандағы Елшілік өкілдері ретінде бұл жайында әрдайым мақтанышпен айтып жүреміз. Бұл екі ел арасындағы қарым-қатынастың негізін салған достық гүлі деп айтуға болады. 

Айта кетейік, дәл осындай арт нысандар бірқатар әлемнің ірі шаһарлары тұрғындарының игілігіне орнатылған.