Астраханьда «Астана – ұлы даланың інжу-маржаны» фотокөрмесі өтті

«Астана – ұлы даланың інжу-маржаны». Ресейдің Астрахань қаласындағы фотокөрме көпшілік назарына осындай атаумен ұсынылды. Еуразияның кіндік қаласына айналған ару шаһар Астананың алтын тәжі сынды айбарлы Ақорда, қайталанбас сәулеттік шешімі жөнінен жер жүзіне танымал, Орта Азияда баламасы жоқ ғимарат - «Ханшатыр», ел тәуелсіздігінің шынайы бейнесіне айналған «Бәйтерек» пен әлемдегі ынтымақ пен татулықтың тал бесігіндей  «Келісім» сарайы. Фото көрмедегі әр сурет жас қаланың қарышты қадамы мен сәулет өнерінің қайталанбас үлгілерін көпшілікке паш етті.

ЕЛЕНА ЗАБИРНИК,  ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

 - Сөз жоқ керемет! Әр ғимарат сәулеттік жаңа шешім жөнінен бір-бірін толықтырып тұрғандай әсер қалдырады екен. Маған Ханшатырдың кескіні өте ұнады. Жолым түссе міндетті түрде барып тамашалайтын боламын.

Көрмеге Елбасы қоры мен Қазақстанның Астраханьдағы консулдығы айрықша қолдау көрсеткен.  Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты – елорданың мерейін көтеру арқылы Қазақстанның аз жылда қол жеткізген жетістіктерін алыс-жақын шетелдерге таныстыру.

ӘЛИЯ ҚАЙШАРОВА, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ -ЕЛБАСЫ ҚОРЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ:

 - Біздің Астанамыздың бүгін қандай жарқырап тұрғанын әлем біледі. Елордамыздың қандай дәрежеге жеткеніне өте таңғалады.

Астананың 20 жылдығына арналған көшпелі фотокөрмені тамашалауға келгендердің қарасы қалың. Салтанатты шараны ашқан Астрахань губерниясының басшылығы қазақстандықтарды Астананың 20 жылдық мерейтойымен құттықтады.

АЛЕКСАНДР ЖИЛКИН, ОБЛЫС ГУБЕРНАТОРЫ:

 - Елорда осы заманғы озық ой мен технологияның жемісі екені анық. Әсіресе, қаланың кіре берісіндегі «Астрахань» ауданы біздердің көңілімізге жылылық пен мақтаныш ұялатады. Себебі ол бізді Қазақстанмен байланыстыратын тағы бір алтын көпір деп білемін.

Астрахан облысында 150 мыңнан астам қандасымыз тұрады. Еліміздің батыс шекарасында 3 облыспен шектесіп жатқан аймақ – Қазақстанның тарихи-мәдени және экономикалық тұрғыдағы тұрақты әріптесі. Айта кетейік, көрме бұған дейін Ресейдің Санкт-Петербург, Мәскеу қалаларында болаған көшпелі көрме Астраханьда 2 апта аялдап, Қазан қаласына бет алады.