Прагада Астананың 20 жылдық мерейтойына арналған көрме өтті

«Астана – әлем қаласы». Прага төрінде Елордамыздың 20 жылдық мерейтойына арналған көрме осындай атаумен өтіп жатыр. Экспозицияда бас қаланың 20-дан астам бірегей ғимаратының суреттері ұсынылған. Олардың барлығы – Қазақстанның үздік фотографтарының жұмысы. Астананың архитектуралық ажары, бір-біріне ұқсамайтын ғимараттары мен күмбезді мешіті чех қоғамының өкілдеріне ерекше ұнады. Іс-шара аясында қазақ авторларының кітап көрмесі де ұйымдастырылды. Мол жинақтың арасында ерекше көзге түскені – қазақ халқының көрнекті жазушысы Ілияс Есенберлиннің чех тіліне аударылған «Көшпенділер» атты еңбегі. Атап өту керек, «Көшпенділер» тарихи эпопеясы әлемнің 30 тіліне аударылып, 3 млн-ға жуық данамен басылып шыққан. Еңбектің чех тіліндегі нұсқасын Қазақстанның осы елдегі елшілігі ұсынып отыр. Қос тараптың пікірінше, іс-шараның мәдени ынтымақтастығымыз үшін маңызы зор.  

ЯН КЭМПБЭЛЛ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:

 - Халықтар достығы жасасын, достық салтанат құрғанда ғана бизнес байланыстар арта түспек. Достық бар жерде ғана қарудың үні өшеді. Қазақстан халқына және әлем елдеріне бейбіт өмір тілеймін. Ең ыстық тілегімді қабыл алыңыздар!

ПЕТР ЙЕСЕНСКИ,  ЧЕХИЯ СІМ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Бұл өте қызықты. Астана жайлы алғашқы алған әсерім – бұл кеңістік. Кең жазықтық, үлкен кеңістік. Бәрі де ақылды оймен қалыптасқан.