«Еуропа мен Азияның қиылысында». Астананың 20 жылдығына орай,  Нью-Йорктегі Ұлттық өнер клубының галереясында ашылған көрме осылай аталды. Көрмеде Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайының коллекциясындағы ХХ ғасырдың жауһарлары ұсынылды. Қазақ өнерінің қас шеберлерінің қолынан шыққан шығармалар америкалықтарды көшпенділердің мәдениеті, тарихы, тұрмыс-салтымен таныстырады. Құрама Штаттарға арнайы әкелінген әрбір жәдігердің тарихи құндылығы жоғары. Бұл мұралар Қазақстанның мәдени мұрасының зор байлығын айқындайды және қазақ халқының өмір салты жайлы баяндайды. Экспозицияны тұңғыш ұлттық суретшілердің бірі Әбілхан Қастеевтің шығармалары ашады: «Бүркіт ұстаған аңшы», «Ұжымшардың сүт фермасы», «Халық ақыны Жамбылдың портреті» және басқалары осы көрмеден табасыз. Николай Хлудовтың «Бұқа үстіндегі бала», Ольга Кужеленконың «Қазақ КСР халық әртісі Роза Бағланованың портреті», Мария Лизогубтың «Халық шебері» және басқа туындылар қазақстандық кескіндеменің дамуына елімізге бұрынғы Кеңес одағының әр түрлі өңірлерінен келген суретшілердің баға жетпес үлес қосқанын дәлелдейді.

КЛАРА ИСАБАЕВА, Ә. ҚАСТЕЕВ АТЫНДАҒЫ ӨНЕР МҰРАЖАЙЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Көрмеге 30-70 жылдар аралығындағы қазақ кескіндеме мектебінің үздік шығармалары қойылды.

МАРИНА КОВАЛЕВА, РЕСЕЙ-АМЕРИКА ҚОРЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Қазақстанды құттықтаймын және Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің қолдауымен Орыс-Америкалық қорымен бірлесе отырып, АҚШ-тың Ұлттық өнер қоғамында тұңғыш рет Астананың құрылғанына 20 жыл толуына орай Ә. Қастеев атындағы мұражайының қазына көрмесі ашылғанына қуаныштымын. Бұл көрмені жүздеген Нью-Йорк тұрғындары тамашалайтын болады. Біз олардың Қазақстанның үздік суретшілерінің шығармашылығына қол жеткізе алуына мүмкін туғанына қуаныштымыз.

Сондай-ақ көрмеде Жанатай Шарденовтың «Медеуге барар жол», Тұрсын Әбуовтың «Домбыра бейнеленген натюрморт» және Ғани Баяновтың «Кеш» туындылары ұсынылды. Бұл экспозиция – әрбір жеке алынған картина мен барлық жиынтығы Азияның жүрегінде орналасқан елдің өзіндік ерекшелігін анықтайтын Қазақстан тарихы, оның халқы, табиғаты мен дәстүрінің рухын сипаттайды.

РАЯН ДЖОН КОХ, НЬЮ-ЙОРКТЕГІ КРИСТИАН ШІРКЕУІ ӨКІЛЕТТІЛІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Мен Орталық Азияда біраз уақыт өткіздім және сіздің өңіріңізді жақсы көремін. Бұл көрме әдемі еліңіздің, халқының және мәдениетіңіздің естеліктеріне шабыт берді.

МИХАЭЛЬ МИЛЛЕР, НЬЮ-ЙОРКТЕГІ ЕВРЕЙЛІК ОДАҚ ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСІНІҢ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

 - Дәл осындай көрмелер Қазақстан мен АҚШ арасында достық көпірін құрайды. Бүгін көріп тұрған қазақ елінің тамаша туындылары бізді жақындастыра түсері сөзсіз.

Нью-Йорктегі көрме 15 шілдеге дейін жалғасады. Бұл америкалық өнер сүйгіш  қауымның қазақ халқының тарихымен, сондай-ақ отандық қылқалам шеберлері  жинағының үздік мысалдарымен жақынырақ танысуға мүмкіндік беретін маңызды мәдени шара болмақ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер