Қазақстан елордасының 20 жылдығы Литвада атап өтілді

Астана мемлекеттер мен құрлықтарды біріктіреді. Жас та болса сәулетті шаһарды шет мемлекеттерде де мерейтойымен құттықтауда. Қазақстан елордасының 20 жылдығы Литвада атап өтілді. Салтанатты жиын Вильнюстің белгілі ауданы, өз-өзін республика деп жариялаушы Ужуписта болды. Қазақстан астанасының туған күніне орай бейресми мемлекет ішіндегі мемлекет өздерінің басты құжаты – Конституцияны қазақ тіліне аударған.

БАУЫРЖАН МҰХАМЕДЖАНОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЛИТВАДАҒЫ БҰРЫНҒЫ ЕЛШІСІ:

 - Бұл – латын қарпінде, біздің апострофымызбен жазылған Қазақстанның ресми құжаты. Біз – Ужупистың конституциясын өз мемлекеттік тіліне аударған 30-шы елміз. Ужуписке 20 жыл болса, Астанаға да 20 жыл толып отыр.

Қазір Вильнюстің ең әйгілі әрі адам көп келетін туристік орнында қазақ елінің бір бөлшегі ретінде Ужупис конституциясының қазақ тілінде жазылған тақташасы ілулі тұр. Республика қауымдастығы ұйымдастырған тақташаның салтанатты ашылуында қазақстандық музыканттар өнер көрсетіп, қала қонақтары мен тұрғындарына жақсы көңіл-күй сыйлады.

САКАЛАС ГОРОДЕЦКИС, УЖУПИСТІҢ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

  - Басты мақсатымыз – тек туристер үшін жұмыс жасау емес, осы жерге келген адамдар өз елінің мәдениетінің бір бөлігін табу. Мақсатымыз – елімізге келген адамдар өзінің төл мәдениетінің қандай да бір бөлігін тауып, қуанса дейміз. Әрине, біздің де қуанышымызда шек болмайды. Біз Ужупис республикасында туризм жұмысы жөніндегі өз құрылымы болу керектігіне көз жеткіздік.

Сонымен қатар Ужупис орталығында фотосуретке әуес жандардың астаналық клубының көрмесі ашылды. Экспозиция 20 жыл ішінде тек жаңару символы ғана емес, сондай-ақ еуразиялық кеңістіктің орталығы болған жас астанамен таныстырады.