Венада Астананның туған күніне арналған веложарыс өтті

Астананың 20 жылдығы халықаралық деңгейде атап өтілуде. Елорданың туған күніне арналған мерекелік шаралар Еуропада бастау алды. Австрияның бас қаласында дипломаттар арасында веложарыс өтті. Веломарафонға қатысушылар арасында  ЕҚЫҰ және БҰҰ-ның өкілдерімен қатар  шет елдік елшілер де бар. Дипломаттар бір күнге классикалық киім үлгілерін қазақтың ою-өрнектермен көмкерілген спорттық костюміне ауыстырды. Шараны қолдауға Венадағы студенттер де арнайы келген. Ал кішкентай қатысушыларымыз өз қолдарымен Қазақстан байрағының суретін салды. Ережеге сай спортшылар Дунай маңындағы веложолда 20 шақырым жерді жүріп өтуі керек болды.

АЛЕССАНДРО АЦЦОНИ, ЕҚЫҰ ИТАЛИЯДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

─ 20 шақырым деген түк емес екен. Осындай дипломаттардың басын қосып шара өткізу тамаша идея деп ойлаймын. Мен әзірге Астанада болып көрмедім. Дегенмен келесі жылы қызым екеуміз осы тамаша елге баруды жоспарлап отырмыз. Астанаға жүрекжарды тілектерімді арнаймын. 20 жыл деген бұл тарихтың басы ғана.

ҚАЙРАТ САРЫБАЙ, ҚР АВСТРИЯДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

─ Қарап отырсаңыз жасы да, үлкені де, елшісі де, үшінші хатшысы да барлығы қатысып жатыр. Менің ойымша, Астананың  шапағаты қазір дипломатиялық салада аса белгілі, бұны қазір велосаяхатқа қатысушылардың деңгейінен, қатысушылардың көлемінен көруге болады.

Шет елдік қонақтар Қазақстанның Бас қаласын туған күнімен құттықтады. Олардың көбісі Астанада болған естеліктерімен бөлісіп, жас қаланың жетістігіне таңдай қақты.

БАКЫТ ДЖУСУПОВ ҚЫРҒЫЗСТАННЫҢ АВСТРИЯДАҒЫ ЕЛШІСІ:

─ Мен Астанада алғаш рет 2002 жылы болдым. Ол кезде қаланың құрылысы енді басталып жатқан. Сөз жоқ шаһар үздік әрі заманауи талаптарға сай тұрғызылды. Қазақ елін Астананың туған күнімен құттықтаймын!

АНДРЕАС ШТАДЛЕР ЕҚЫҰ АВСТРИЯДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

─ Веложарыс әр түрлі ұлт өкілдерінің басын біріктірді. 20 шақырым жерге 100-ден аса адам бірге шықтық. Өте тамаша әсер алдым. Айта кетейін, Қазақстан біздің халықаралық серіктесіміз. Тек 20 жылдығы ғана емес, 1000 жылдықты бірге тойлауды жазсын.

Шара барысында келушілерге Астананың жиырма жылдық тарихы ұсынылды. Үлкен экранда шаһардың алғашқы құрылысынан бастап, Орталық Азиядағы маңызды қала болып қалыптасуына дейін және халықаралық саммиттер өткізіліп, әлемдік деңгейдегі шешімдер қабылданатын алаңға айналғаны көрсетілді.