Ұлы дала төсіндегі болашақтың қаласы

Ұлы дала төсіндегі болашақтың қаласы. Қазақстанның жас астанасы қысқа уақыт ішінде әлемдік тартылыс орталығына, жаһандық мәселелер қаралатын халықаралық пікірталас алаңына айналды. Шығыс пен Батыстың ең үздік тәжірибелері тоғысқан елорданың келбеті жыл өткен сайын түрленіп келеді. Бас қаламыздың 20 жылдық мерейтойын атап өтуге шет мемлекеттер де қатысуға ниетті. Мысалы, Оңтүстік Африка Республикасының елшісі Африка өнері мен музыкасының кешін өткізуді ұсынды.

КИЙТУМЕТЦИ МЭТТЬЮС, ОҢТҮСТІК АФРИКА РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЕЛШІСІ:

-  Қазақстанға Африканың бір бөлшегін алып келмек ойымыз бар. Өйткені былтыр ЕХРО-да біздің павильонға келген қонақтар санына қарап, ерекше қызығушылық бар екенін көрдік. Сондай-ақ қазақ жерінде Нельсон Манделаның 100 жылдығын атап өту жоспарымызда бар. Біздің елдеріміздің басшылары арасындағы сыйластық жоғары, екі ел де тек бейбітшілік пен келісімді ту етіп келеді. Осы бағыттан жаңылмау керек. Осы достықтың құрметіне Африка өнері мен музыкасының кешін өткізгіміз келеді.

Астана шабыттандырады, тіпті жаңа жеңістерге жетелейді. Қазақстан елордасын бейнелеп жүрген жергілікті және шетелдік суретшілер осылай дейді. Демалыс және мереке күндері қала көшелерінен мольберт алдында отырған қылқалам шеберлерін жиі кездестіруге болады.

АЛЕКСАНДРА КОННОР, СУРЕТШІ /ҰЛЫБРИТАНИЯ/:

 - Мен Астанаға алғаш рет келіп отырмын. Қаладағы әсем ғимараттар бірден көзге түседі. Себебі олардың құрылысы ерекше екен. 20 жылда осындай шаһар салу оңай емес. Алдағы күндері астаналықтардың сүйікті демалыс орындары мен ғимараттарын қағаз бетіне түсіремін.

Көптеген туристер елордаға сапарларын жоспарлағанда Астанаға қала күні атап өтілетін кезеңде келуге тырысады. Өйткені дәл осы шақта тұрғындар мен қонақтарға арнап қызықты мәдени бағдарлама әзірленеді. 

САУАЛНАМА:

- Менің достарым Ханшатырға, Бәйтерекке баруға кеңес берді. Архитектура өте жоғары, ғимараттар өте әдемі жасалған. Барлығы заманауи, сонысы көңіл қуантарлықтай.

- Мен Астанаға келгеніме қуаныштымын. Мынадай биік ғимараттар мен тұратын Стокгольмнің өзінде жоқ. Әсем қала, шынында да, мен үшін бұл таңғаларлық жағдай.