Жарқын және көзтартарлық. Елордалықтар мен қала қонақтарына ұнап үлгерген Астаналық Арбат осындай. Биыл ол алғашқы мерейтойын атап өтуде. Қолөнершілер мен суретшілер ауылы Есіл өзенінің жағалауынан орын тепкен. Мұнда серуендеушілер қазақстандық шеберлердің ағаш, былғары, киіз бен балшықтан жасаған бұйымдарын сатып алып қана қоймай, көше музыканттарының өнерін де тамашалай алады.

ҚАЛИМА АСАНОВА, СУРЕТШІ:

 - Мынау картина «Ашық аспан астындағы Арбат» деп аталады. Кәсіби суретші болмасам да, ерекше әсермен салдым. Тағы бір туындыма «Бата беру» деп ат қойдым. Оны сүйікті қалам Астананың 20 жылдығына арнадым. Мұнда мен Бәйтеректі, жастарға ақ жол тілеп, батасын беріп жатқан кейуананы бейнеледім.

АРАЙ ОРДАБАЕВА, «АРБАТ» ЖОБАСЫНЫҢ АВТОРЫ:

Арбатта би билейтін топтар көп. Ән салатындары да бар. Ал Файер шоу біз үшін күтпеген жағдай болды. Егер өткен жылы бізге тек әуесқойлар келген болса, биыл, мамандар көптеп қатысуда. Бұл жерде барлығы да жақсы көңіл-күймен жүреді.

Әлемнің әр қаласында халық шеберлері, көше музыканттары мен суретшілері жиналатын орын бар. Олардың жазу мәнері мен стилі бүтін аудандар мен қалалардың келбетін қалыптастырады. Ал астаналық Арбаттың бір ерекшелігі – ашық аспан астындағы жазғы кинотеатр және караоке.  Жақын күндері Арбатта хан киіз үйі де тігіледі.

САУАЛНАМА:

- Шөберелерді алып келеміз. Оформлениесі өте жақсы.

- Жиі келіп тұрамыз. Өйткені, жылы ауа-райы серуендеуге мүмкіндік беріп тұр. Күн бұлтты кезде де бұл жер қыдыру қызықты. Мұнда маған серуендеген ұнайды.

- Мен өзім Павлодардан келіп тұрмын. Жақсы жәрмеңке болып жатыр екен, келушілерге қолөнер көрсетілуде.

Жергілікті Арбат – жас астананың рухы. Осында келген жастар қазақ халқының тарихы мен дәстүрлерімен жақын таныса алады. Өнер ауданына айналып үлгерген нысан жыл бойы жұмыс істейді. Ол үшін жоба авторлары ауданның төбесін жабу мәселесін шешу қажет дейді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер