600 шақырым ат үстінде бағындырылады

Қамбар ата төлін баптап, ер-тоқымын сайлап, сапарлық азығын қамдаған мына бір топ азамат ата-бабалардың тұрмыстық салтын жаңғырту үшін белді бекем буып сақадай сай отыр.  Бұл – елорданың 20 жылдығына орай ұйымдастырылған атты шерудің қатысушылары. 10 адамнан құралған белсенді бас-аяғы 10 күннің ішінде ат үстінде 600 шақырымды бағындырмақ. Сапар шегуге ниет танытқан шабандоздарды ел ағалары мен ақсақалдар баталарын беріп, алыс жолға шығарып салды. Этно саяхатшылар Ақмола, Павлодар, Қарағанды өңірлерін салт жүріп өтіп далада түнеп, ас-суын ішеді. Одан қалды ауылдарға да ат шалдырып дем алады. Атты экспедиция алдымен Бұйратау мемлекеттік ұлттық саябағына барады. Одан кейін Баянауылға аялдап, алған бағыттарының соңғы нүктесі Қарқаралыда тұйықталмақ. Шеруге қатысушылардың үлкені – 50 жаста болса, ең кіші мүшесі – он төртте. Оның екеуі – шежірелі тарихымыздың түп-тамыры сабақтас венгерлік мадиярлар ұрпағы.  

АЙДОС НҰРАҚЫШЕВ, АТТЫ ШЕРУГЕ ҚАТЫСУШЫ:

 - Дала маршруты ептеп бізге белгілі жерлерді жүріп өтетін. Ауылдарға жетсек, ауылдарға сұранамыз. Елдің бәрі шамасы келгенше қамқорлық көрсетеді. Болмаса палаткаларымыз бар. Далаға үйімізді тігіп, сол жерде түнеп, ары қарай сапарға шығып жатармыз. Ат салқынды жақсы көреді. Күн ысығанда түс кезінде бірер сағат ат шалдырып аяңдаймыз. Кешке қас қарайғанша  сағат 10-11-ге дейін жүріп аламыз.