Осы жазда Астана ауқымды мәдени іс-шаралардың орталығына айналмақ. Әлемнің түкпір-түкпірінен танымал театр ұжымдары Қазақстанның жас астанасын 20 жылдық мерейтойымен құттықтауға келеді. Қойылымдар маусымның 10-нан 29-ына дейінгі аралықта жалғасады. Бұл күндері сахна өнерінің бірнеше халықаралық фестивалі өтеді.

ЕРКІН ҚАСЕНОВ, М.ГОРЬКИЙ АТЫНДАҒЫ ОРЫС ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - «Самғау» халықаралық фестивалін қабылдаймыз. Оған Татарстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей мен Сербия елдерінің театрлары қатысады. Ал маусымның 16-сы мен 30-ы аралығында бас қаламыздың мерейтойына арналған «Астана» атты фестиваль өтеді. Оған Бейжің, Польша, Англия, Франция, Германия және Ресейдің өнер ұжымдары қатысады.

Максим Горький атындағы орыс драма театрының труппасы елорда тұрғындары мен қонақтарына ерекше бағдарлама дайындауда. Онда театрсүйер қауымның ғана емес, кішкентай көрермендердің талғамы да ескерілген.

БЕКБОЛАТ ПАРМАНОВ, ТЕАТРДЫҢ БАС РЕЖИССЕРІ:

 - Бұл – Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл алма» премьерасы. Пушкиннің «Евгений Онегин» туындысы бойынша спектакль. Одан әрі Балтық елдерінің танымал режиссері Ионус Вайкуспен бірлесіп Максим Горькийдің «Соңғы» туындысының желісімен спектакльге дайындала бастаймыз.

Астананың 20 жылдық мерейтойына орай ел аймақтары өз тартуларын ұсынып отыр. Мәселен, Алматы облысы бірер аптада сол жағалаудағы мына саябақты елордалықтардың игілігіне бермек. Жаңа нысанның жалпы құны 3 миллиард теңгеден асады. Жобалаушылардың айтуынша, саябақтың ерекшелігі – оның әмбебаптығында. Яғни, елорда тұрғындары мен қонақтары мұнда өздерінің бос уақыттарын жыл бойы өткізе алады.

ДӘУРЕН ӘЛЖАСАРОВ, САЯБАҚТЫ АБАТТАНДЫРУ ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Балаларға арналған алаңқайлар дайын. Орталық алаңқайлар да дайын тұр. Таңбалы тас, шарын каньоны дайын. Анфитеатр және Балқаш көлі фонтаны бар.

Бас қаланың тарихы басталған сәттен бастап, көркейген бүгінгі келбетіне қатысты тарихи құжаттар «Астана – ел жүрегі» көрмесінде топтастырылды. Елорданың құрылысына 135 өнеркәсіп кәсіпорны, 432 құрылыс компаниясы және 70-тен аса әлем қалаларының өкілдері өз үлестерін қосты. Түркия, Италия, Франция және Швейцария елдерінен мамандар тартылды. Жылына 100 жуық жаңа нысан пайдалануға беріліп отырды. 10 жылда Сарыарқа төсінде сәулеті қайталанбас заманауи шаһар бой түзеді.

ТӨЛЕГЕН ӘБІЛДА, СӘУЛЕТШІ:

 - Осынау алып құрылысқа мен де қатыстым. Қала әкімдігі, Қазақстан темір жолы компаниясының 45 қабаттық ғимараты, цирк, сулы жасыл желек, бәрі сол қалпы сақталған.

Айта кетейік, Астана күніне орай ұйымдастырылған мерекелік шаралар Қазақстанның барлық өңірлерінде өтеді. Елордалық әкімдіктің ақпараты бойынша, барлығы 600-ден астам түрлі іс-шара жоспарланған.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер