Қазақстан елордасының Еуразия жүрегіндегі шаһарға ауыстырылғанына биыл 20 жыл толып отыр. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру жөніндегі Жарлығы, жауапты істі жүзеге асыратын «Мемлекеттік комиссия» құру секілді көптеген тарихи шешімдердің түпнұсқалары бүгінде Алматыдағы Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде сақтаулы. 

БОРИС ЖАПАРОВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ АРХИВІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Бұл ҚР Президентінің №3491 Жарлығы. Ақмола, 1998 жылғы 6 мамырда қабылданған. Мұнда ҚР астанасы Ақмола қаласын ҚР астанасы Астана қаласы деп қайта атау туралы айтылған. Міне осы күннен бастап қазіргі біздің елордамыз «Астана» деген атқа ие болды. 

20 жылдың ішінде Астана қаласы қазақ халқының мақтанышына айналды. Жылдан-жылға сәніне-сән қосылып, сәулеті ажарланып келеді. Бас шаһар еліміздің саяси, мәдени және ғылыми орталығы болып қалыптасты. 

АБДУАҚАП ҚАРА, МИМАР СИНАН АТЫНДАҒЫ ӨНЕР УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ, ТҮРКИЯ:

 - Астанаға алғаш, 2005 жылы сол Дүниежүзі қазақтары құрылтайында келдім. Оған дейін Астананы көп естідік. Астана Еуразияның кіндігіндегі  бой көтерген мәдени, заманауи, жаңадан салынған қала екенін газеттен көп оқыдық. Көзбен көрген басқа, әрине.

1999 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен Астана «бейбітшілік қаласы» атағын алды. Сарыарқа төсіндегі қала әлемнің ең озық ойлы ғалымдары, сарапшылары, белді саясаткерлері бас қосып, жаһанның өзекті мәселелері талқыға салынатын жиындарға өз төрін ұсынып жүр.

ЗИЯБЕК ҚАБЫЛДИНОВ, Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ ТАРИХ ЖӘНЕ ЭТНОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - 20 жылдың ішінде Астана әлемнің бір мықты саяси алаңына айналды. Осында 2010 жылы ЕҚЫҮ саммиті өтті. Өткен жылы «ЕХРО-2017»-де осында өтті. Дүниежүзілік діндер съезінің өтетін жері де осы Астана.

Әлем қоғамдастығына Қазақстанның халықаралық беделін, саяси тәуелсіздігін және экономикалық әлеуетін паш етіп отырған «Астана – Қазақстанның бүгінгі бейнесінің жарқын көрінісі», - дейді сарапшылар.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер