«Астана – бейбітшілік қаласы» атты конференциясы

20 жыл ішінде Астана Қазақстанның тек саяси, экономикалық және мәдени орталылығы ғана емес, халықаралық даму мен бітімгерлік мәселелері талқыланатын жаһандық алаңға айналып үлгерді. «Астана – бейбітшілік қаласы» атты конференция барысында шетелдік саясаткерлер мен сарапшылар осындай ойларымен бөлісті. Қатысушылардың пікірінше, 2010 жылғы Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының саммиті халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға арналған қазақстандық дипломатияның үлкен жетістігі болды. Жиын қорытындысы бойынша қабылданған «ЕҚЫҰ Астаналық декларациясы» еуро-атлантика аумағы мен еуразиялық  қауіпсіздік жүйелерін байланыстырды.

ФРАНКО ФРАТТИНИ, ИТАЛИЯНЫҢ БҰРЫНҒЫ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

 - Мен Астана декларациясында көрініс тапқан мәселелер әлі де өзекті деп ойлаймын. Ол – Владивостоктан Ванкуверге дейін қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Алайда 2011 жылдан соң болған оқиғаларды да ескеру керек. Сирия, Ливия, Йемен, Африка елдерінде терроризм қаупі бар. Сондықтан Астана, яғни Қазақстан бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуші ел рөлін атқаруы тиіс деп ойлаймын.

Елордамыз Сириядағы шиеленісті реттеу бойынша келіссөздер жүргізудің тиімді алаңына айналды. Бітімгерлік бастамалар Қазақстан тұрақты емес мүшесі болып табылатын Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысында да көрініс тапты. Сарапшылардың айтуынша, мемлекеттің сыртқы саяси ұстанымы барлық бітімгерлік бастамаларды сәтті жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Жыл сайын шетелдік дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйым өкілдіктерінің саны артуда. Бұл Астананың аймақтағы жетекші саяси орталық болғандығын аңғартады, - дейді сарапшылар.

АРИЕЛЬ КОЭН, АТЛАНТИКАЛЫҚ КЕҢЕСТІҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ /АҚШ/:

 - Сирия диалогының орнатылуына сеп болу сынды Қазақстанның ұстанымдары өте қуантады. Астананың халықаралық дипломатияда алатын өзіндік орны бар деп айта аламын.  

Конференция қорытындысы бойынша, қатысушылар Астананың «Жібек жолының экономикалық белдеуі» сынды экономикалық әріптестік бойынша ауқымды бастамалар ұсынылған халықаралық алаңға айналғандығын атап өтті. Еуразиялық экономикалық одақ құру жөніндегі келісімге де Астанада қол қойылды. Сондай-ақ елордамызда Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым мен технологияларға арналған тұңғыш саммиті ұйымдастырылған болатын. Қазіргі таңда еліміздің бас шаһары аймақтың интеграциялық процестеріне белсенді қатысады.

ПИТЕР БУРИАН, ЕО-НЫҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ БОЙЫНША АРНАЙЫ ӨКІЛІ:

 - Біз «Бір белдеу, бір жолды» өте маңызды бастама ретінде қарастырамыз. Оның арқасында түрлі бағыттағы әріптестік орнатамыз деп сенеміз. Бұл тұста Орталық Азияның атқаратын ролі ерекше. Менің ойымша, Қазақстан жаһандық аренада бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтып, Еуропа мен Азия арасындағы байланысты тереңдетуге қомақты үлес қосып келеді.

Сарапшылар «ЭКСПО-2017» мамандандырылған халықаралық көрмесінің сәтті өткізілуін де назардан тыс қалдырмады. Олардың айтуынша, бұл оқиға әлем қауымдастығын болашақ энергетикасын дамытуға үндеді. Көрмеден соң да нысандарда жұмыс жалғасып жатыр. «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Халықаралық жасыл технологиялар орталығы мен Халықаралық IT-стартаптар технопаркі – ЭКСПО-ның мұрасы. Олар елдің ғана емес, жалпы аймақтың дамуына оң әсерін тигізеді, - дейді мамандар.