Тәуелсіздігіміздің алтын тұғыры – Астананың 20 жылдық мерекесі Түркия төрінде кеңінен тойланды. Жыл сайын өтетін дәстүрлі Рамазан фестивалі аясында биыл Анкараның аудан орталығында «Қазақстан үйі» ашылды. Жергілікті тұрғындар мұнда қазақтың қолөнер бұйымдарын тамашалап, салт-дәстүрі мен әдет ғұрыптарымен кеңінен танысты. Ал қазақстандық өнерпаздар қала халқына ұмытылмас кеш сыйлады. Гала концертте қазақтың халық әндерімен қатар түріктің танымал әндері де шырқалды. «Аққу» би ансамблі мен «Достық сазы» фольклорлық ансамблі өнерсүйер қауымның зор қошеметіне бөленді.

БАХАДҮР ЙЫЛМАЗ, АНКАРА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Қазақстаннан келген бауырларымызға сәлем айтамыз. Расында оларды көргенімізге өте қуаныштымыз. Олардың өлеңдері, билері бізге өте ұнайды. Осындай концерттер көп болса біз қуанамыз. Енді сіздерді тағы күтеміз. Жиі келіп тұрыңыздар.

Мерекеге орай ғылыми конференция ұйымдастырылып, елордамыздың қалыптасуы мен дамуы жайлы тұшымды ойлар айтылды.  Жиынға ғалымдар, саясаткерлер және түріктің белгілі зиялылары қатысты. Қатысушылар өз сөздерінде еңселі елордамыздың әлемдік аренадағы орны мен маңызы туралы  айтты, сонымен бірге қақтығыстарды шешудегі Қазақстанның ролі туралы сөз етілді. Сарапшылар Қазақстан мен Түркия елдері арасындағы тиімді экономикалық байланыстардың нығая түсуі туралы өз пікірлерін білдірді.

АБЗАЛ САПАРБЕКҰЛЫ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҮРКИЯДАҒЫ ЕЛШІСІ:

 - Түрік сарапшылары, саясаткерлері, зиялы топ өкілдері Астана мен Анкара қаласының елорда болуындағы тағдыры ұқсас дейді. Елбасы Нұрсұлтан  Әбішұлы Назарбаевтың осы тұрғыда Ататүрікпен ұқсастық болып жатқанын мемлекет құруда болсын, тілдік реформалар болсын, экономикалық-саяси реформалар болсын және осы елорданы көшіру туралы реформасы тұрғысынан өте көп ұқсастықтарын атап өтуде.

Айта кетейік, Қазақстан астанасының 20-жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар Түркияның Шанлыурфа, Қахраманмараш және Малатия қалаларында өтеді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер