Астананың 20 жылдығына арнап голландиялық гүл өсірушілер қызғалдақтың жаңа сұрпын шығарды

Астананың 20 жылдығына арнап голландиялық гүл өсірушілер қызғалдақтың жаңа сұрпын шығарды

Нидерландыдан – Астанаға. Қазақстан астанасының 20 жылдығына голландиялық гүл өсірушілер 1000 түп қызғалдақ гүлін сыйға тартпақ. Олар қызғалдақтардың жаңа сұрпын шығарып, оған «Арман қала» деген атау берді. Голландия кәсіпкерлері 2 аптада гүлдің «Арман қала» атауына қатысты сертификат алып, ресми түрде тіркейді. 

ЯН ЛИГТХАРТ, «LIGTHART BLOEMBOLLEN» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - «Арман қала» - Астананың 20 жылдығына орай арнайы өсірілген жаңа сұрып. Әппақ жиегі бар қызыл гүлдің сабағы мен жапырағы мықты болады. Әрі 3 апта бойы гүлдеп тұрады!

Мамандардың айтуынша, қызғалдақтардың жаңа түрін шығару өте ұзақ уақыт пен қажырлы еңбекті талап етеді. Кей кезде оған тіпті ширек ғасыр  қажет, дейді Ян Лигтхарт. Будандастырудан кейінгі алғашқы 3 жылда тек сабақтары мен жапырақтары ғана пайда болса, 4 жылдан бастап  гүл бүр жара бастайды. Жалпы қызғалдақтың жаңа сұрпын өмірге әкелу үшін 20 жылдай уақыт керек. Айта кетейік, Ян бүгінде екі ұлымен бірге қызғалдақтың 3 мыңға жуық түрін өсіріп отыр. Қазақстан осы қызғалдақтардың түпкі отаны екенін ол жақсы біледі.

ЯН ЛИГТХАРТ, «LIGTHART BLOEMBOLLEN» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Елдеріңіз керемет әрі әдемі. Әсем таулар мен шырайлы қалаларыңыз бар! Сіздің елдеріңіздің қысы суық, ал жазы Голландияға қарағанда құрғақ әрі жылы болып келеді. Мұндай құрлықтық күн райы қызғалдақтардың табиғи жолмен өсуіне өте ыңғайлы. Ал біз мұнда гүлдерге жасанды жолмен жылу беріп, өсіреміз. Қазақстанда, гүлдің түпкі отанында, жер тастан да жылу алады. Бұл деректі кітаптан оқығаным бар. Сол себепті, көзбен көріп, тәжірибе алмасу үшін Қазақстанға барғым келеді. 

Айта кетейік, Нидерланд гүл өсірушілер тобы ұйытқы болған іс-шараға, сол елдегі Қазақстан елшілігі де қолдау білдірді.