Астана күніне қандай мерекелік шаралар ұйымдастырылмақ? - Kazakh TV

Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу аясында 600-ден аса түрлі шаралар ұйымдастырылады. Негізгі іс-шаралар маусымның 10-да басталып, шілденің 10-ына дейін жалғасады. Көрмелер, концерттер мен фестивальдердің қай уақытта өтетіні туралы ақпарат елорда мерейтойына орай іске қосылған astanaday.kz сайтында жарияланып отырады. Ресми парақшада шаһарда өтетін мерекелік шаралар туралы мәлімет алуға болады.

НАРИМА МҰХАМБЕТАЛИНА, АСТАНА ҚАЛАСЫ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Біздің қалада билеттер сатылатын 5 орын бар. Соның барлығын біздің сайттан көруге болады. Ашылуының мақсаты – Астанада болып жатқан барлық шараларды сайтқа салып, көрермендерге толық жеткізу. astanaday.kz сайты жылда мамыр айынан қыркүйекке дейін жұмыс істейді.

Шаһар тұрғындары 1 ай бойы «Astana karnaval» мерекелік шеруі, «I love Astana» мюзиклы, сонымен қатар «Astana Art Fest» өнер фестивалі мен «Астанаға тарту» дәстүрлі орындаушылар концертін тамашалай алады. Бұдан бөлек, елорданың 20 жылдығына арнап әр облыс жаңа нысан тарту етпек. Мәселен, Қарағанды облысы «Қазақ еліне мың алғыс» ескерткішін орнатса, Шығыс Қазақстан облысы «Астана-Арена» алаңына субұрқақ салып бермек. Сайт парақшасындағы осындай ақпараттармен танысқан қала тұрғындары бастаманы құптап отыр.

АЙДОС ЕҢТЕБЕКОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

 - Ауылдан туыстар келсе де, қайсысы қайда екенін білмей тұрамыз. Мына сайтқа кірсең, әр шара қай жерде, қай уақытта болатыны жақсы жазылған. Және де ол өте ыңғайлы. Жоспарлап, өзіңе қызықты шараларға қатысуға болады.

САЯТ РОМАЗАНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

 - Сайт өте ыңғайлы етіп жасалған, шаралардың қашан өтетінін көруге болады. Өзім үшін маңызды концерттерге билеттерді алдын ала сатып алуға мүмкіндік бар.

Тіпті, көлік тұрақтары мен қай көшелердің уақытша жабылатыны жайлы мәліметтерді де осы сайттан табасыз. Ең бастысы, ақпарат легі үнемі жаңартылып отырады. Сондықтан astanaday.kz парақшасы қала қонақтары мен тұрғындарының басты көмекші құралына айналмақ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер