Астана өзінің 20 жылдығын үлкен жетістіктерімен атап өтпек - Kazakh TV

Астана өзінің 20 жылдығын үлкен жетістіктерімен атап өтпек. Осы жылдар ішінде елордамыз әлемдік деңгейде танылды. Бүгінде  ірі қаржы, ғылыми және мәдени орталық мәртебесіне ие. Қала сәулетін әлемнің тарихи құрылымдарынан кем емес архитектуралық туындылар, ерекше ғимараттар асқақтата түскен.

МАҚСАТ ЖҰПАРБЕКҰЛЫ, «АСТАНА БАС ЖОСПАРЫ» ҒЗЖИ» ЖЕТЕКШІ СӘУЛЕТШІСІ:

 - Әйгілі италиялық сәулетші Манфреди Николетти «Астана Опера» театры ғимаратының авторы. Ал Ханшатырды– әлемде аналогы жоқ әйгілі нысан деп айтсақ болады. Астананың басты мақтанышының бірі – Бейбітшілік пен келісім сарайы «Discovery» арнасында ХХ ғасырдағы сәулет өнерінің ең үздік туындысы ретінде көрсетілді.

Соңғы екі ғимараттың авторы – әлемге танымал британдық сәулетші Норман Фостер.Ол, сондай-ақ елордада құрылысы қызу жүріп жатқан «Абу Даби Плаза» көпфункционалды кешенінің жобасын әзірледі. Болашақта бұл Орталық Азиядағы ең биік ғимаратқа айналмақ. Астанадағы маңызды да ірі құрылыс  мұнымен бітпейді.

БЕКЗАТ ӘДІЛОВ, «АСТАНА БАС ЖОСПАРЫ» ҒЗЖИ» ЖШС СӘУЛЕТШІСІ:

 - «Мыңжылдық аллеясы» Пирамида және жаңа темір жол вокзал арасын қосатын осьтен тұрады. Оның айналасында тұрғын үйлер, сауда орталықтары, жаңа Опера театры жоспарлануда. Және бұл аумақта ЛРТ – жеңіл рельсті көлік салынып жатыр.

Ұзындығы 22 шақырымдық жеңіл рельсті көлік жүйесі алғашқы кезекте 4 негізгі хабты байланыстырады. Олар: Астана халықаралық әуежайы, «ЭКСПО-2017» көрмесінің нысандары, «Абу-Даби Плаза» кешені және «Нұрлы жол» жаңа теміржол вокзалы. Бас жоспарға сәйкес, 2030 жылға дейін тағы 13 көпір салынады.

ЕРНАР САДЫҚОВ, «АСТАНА БАС ЖОСПАРЫ» ҒЗЖИ» ЖШС СӘУЛЕТШІСІ:

 - Келешекте Қазақ драма театры, Шығыс қала, бірегей мектептер және шетелдік сауда орталықтары сияқты объектілердің құрылысын салу, қала құрылысы регламенті мен дизайн кодын әзірлеу жоспарда бар. Осы мақсаттардың барлығы 2030 жылға дейін жүзеге асырылады деп жоспарланған.  

Сол уақытқа дейін Астананың «жасыл белдеуі» 34 мың гектарға дейін кеңейеді. Болашақта ол Бурабайдың ормандарына қосылуы керек. Айта кетейік, астананы ауыстырғаннан бері  қала 54 мың гектарға ұлғайған.

МАҚСАТ ЖҰПАРБЕКҰЛЫ, «АСТАНА БАС ЖОСПАРЫ» ҒЗЖИ» ЖШС  ЖЕТЕКШІ СӘУЛЕТШІСІ:

 - Көп ұзамай Астанада тағы бір ерекше нысан – «Ботаникалық бағы» құрылысы аяқталады. Әлем бойынша АҚШ-та Манхэттен қаласында осы іспеттес бақ бар. Және де Астана қаласында салынатын бірегей объектілердің бірі – триатлон паркі.

Тәуелсіз Қазақстанның символына айналған Астана бұл жетістіктерін қанағат тұтып қалмайды. Бүгінгі таңда қала мегаполисі бүкіл ел бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың сәтті үлгісін көрсетіп отыр. Ал жаһандану мен цифрлану дәуірінде елорда жаңартылған бағдарлама жүзінде дамуды жалғастырады. Бас қалада ең озық Smart-технологиялар қолданысқа енгізілуі ел азаматтарының өмір сапасын арттыра түспек.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер