2050 жылға қарай Астанада тұрғындар саны 2,5 млн жетеді - Kazakh TV

Астанаға – 20 жыл. Биыл шілдеде Елордамыз мерейтойын атап өтпек. Осы уақыт аралығында Қазақстанның бас қаласы әлем жұртшылығына танылып үлгерді. Астананың экономикалық көрсеткіші қарқынды дамып жатыр. Елге инвестиция тартып, шағын және орта бизнестің алға жылжуына да ықпал етуде. Қала ішінде құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. 20 жыл ішінде Астанада 20 миллион шаршы аумақты алатын ғимараттар салынды. Бұл 1998 жылмен салыстырғанда 14 есеге көп.

Тәуелсіз елдің теңдесіз жауһары дамуын тоқтатпақ емес. Тіршіліктің әр сәтінде бас қала көркейе түседі. Мәселен, биылғы бас жоспардың бірі - Астанада драма театры мен Шығыс қаласын салу. Бұл қаланы әлем өркениетімен ұштастыра түседі. Ғимараттардың құрылысы Астана күніне орай аяқталуы тиіс. Қазірдің өзінде Қазақстанның келбеті іспеттес қала қайталанбас ерекше сәулетімен туристердің ошағына айналып үлгерді. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2011 жылы қалаға жүз мыңнан астам адам келсе, 2017 жылы 800 мың турист келген.

ӘЛІБЕК ӘБДРАИМОВ, АРХИТЕКТОР:

- Қала 7 ауданға бөлінген. Әр ауданда жоспарлау орталығы бар. Онда әкімшілік және іскерлік орталық, сауда және мәдени ошағы, спорттық сауықтыру алаңдары орналасқан. Аталмыш орталықтар жергілікті халыққа бағдар көрсетіп, олардың уақытын тиімді пайдалануға сеп болады.

Жоспар бойынша 7 жыл ішінде 13 көпір салынады. Мегаполистің 50 пайызы жасыл желекке оранады. Қаланың атмосферасы келушілерге жайлылық пен еркіндік сыйлауы керек. Бүгінде бас қалада миллионнан астам тұрғын бар. Өткен жылдарға шегініс жасап, 1998 жылдағы статистикаға назар аударсақ, өсім 4 есеге артқан екен. Ал болжамдарға сүйенер болсақ, 2050 жылға қарай Қазақстанның бас шаһарының тұрғыны 2 жарым миллионға жетеді екен.

ДИНАРА ӘЛІМОВА, ҚР СТАТИСТИКА КОМИТЕТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

- Астана – жастар қаласы. Астана тұрғындары орташа жасы 30-ды қамтиды. Меніңше, әр қазақстандық Астанамен мақтануы керек. Біздің ба қаламыз ерекше.

Тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, 20 жыл ішінде Астана еліміздің  әлеуметтік-экономикалық дамуының көрнекі үлгісі болды. Дәулеті асып, сәулеті асқан сұлу шаһар Тәуелсіз елдің жүрегіне айналды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер