«Хабар» телеарнасы Ақ Олимпиада ойындарын көрсетеді

«Хабар» телеарнасы Ақ Олимпиада ойындарын көрсетеді

9 ақпаннан бастап 25 ақпанға дейін «Хабар» телеарнасы Пхёнчхан қаласында өтетін XXIII Қысқы Олимпиада ойындарын көрсетеді. Телеарна 100-ден аса трансляция жасайды, эфирлік уақыттың жалпы көлемі 208 сағат, оның 136 сағаты тікелей эфирде көрсетіледі. Олимпиаданың ашылу және жабылу салтанаттары 9 ақпан күні 17.00-де және 25 ақпан күні 17.00-де тікелей эфирде көрсетіледі.

Пхёнчхан қаласына арнайы жіберілген тілшілер қосыны мәнерлеп сырғанау, фристайл, шаңғымен сырғанау, хоккей, коньки спорты, биатлон, шаңғы спорты, керлинг, тұғырдан секіру, екі сатылы шаңғы сайысы, скетлон, сноуборд, бобслей сынды жарыс түрлерінен хабар таратып, қызықты (эксклюзивті) материалдар әзірлейді.

Түсірілім тобы тәжірибелі журналистер мен операторлардан жиналған, олардың арасында бұрыннан бері Олимпиада ойындарынан хабар таратып жүрген тілші Амангелді Сейтхан мен телеоператор Ерсін Мұхамбеталин, Сочи қаласындағы Олимпиадада қызмет атқарған Қанат Базылханов, сондай-ақ бірінші рет Олимпиада ойындарынан хабар тарататын жас тілші Сәби Байбосынов бар.

«Хабар» Агенттігінің Оңтүстік Кореядағы арнайы тілшісі Владислав Цойға Пхёнчхандағы жағдай, Олимпиада ойындары төңірегінде хабардар етіп отыру міндеті жүктелген.

Дүбірлі доданың комментаторлары: Жандос Айтбай, Ержан Жиренбаев, Айбек Қабылшаев, Сергей Райлян, Андрей Нехлюдов, Аскат Жакаев.

Сондай-ақ Олимпиада үшін арнайы интернет ресурс ашылды, онда өзекті жаңалықтар, жарыс кестесі, спорт саласындағы сарапшылардың пікірлері, сұхбаттар мен фотолар, сондай-ақ эксклюзивті материалдар салынады. Аталмыш қосымшадағы ақпарат үнемі жаңартылады.

Осыған байланысты еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев фейсбук парақшасында былай деп жазды: «Қымбатты достар! Біздің министрлік XXIII Қысқы Олимпиада ойындарының көрсетілімін жүзеге асыратын құқыққа ие компаниямен келіссөздерді аяқтады. Олимпиада ойындарын ақпанның 9-ы мен 25-і аралығында ел тұрғындары отандық арналардың тікелей эфирінен тамашалайды. Дүние жүзі назар аударатын дүбірлі доданы «ХАБАР», «Qazaqstan» мен «Qazsport» арналары тікелей трансляциялау құқығына ие болды. Мәселен, «Qazaqstan» мен «Qazsport» арналары 150 тікелей трансляцияға шығуды жоспарлап отыр. Ал «Хабар» арнасы арқылы 208 сағатты құрайтын 100 трансляция эфирге шығады. Сонымен қатар қазақ және орыс тілдерінде Олимпиада күнделігін көрермен назарына ұсыну жоспарланған. Демек, Пхёнчханға арнайы барған тілшілер тобы күнделікті соңғы ақпаратымен бөліседі. Біздің жерлестеріміз 9 спорт түрі бойынша сайысқа түседі. Оңтүстік Кореяның алаңдарында ел намысын қорғайтын жерлестерімізге тек қана жеңіс тілейміз! Алға, Қазақстан!».