XXIII Қысқы олимпиада ойындары жақындаған сайын спортшылардың дайындығы да қыза түскен. Шорт-тректен Қазақстан әйелдер құрамасының спортшылары Сеулдегі мұз айдындарында былтырғы мамырдан бері жаттығып жатыр. Халықаралық сында ел атынан Әлия Ким мен Анастасия Крестова сынға түскелі отыр. Оларды оңтүстіккореялық жаттықтырушы Юн Сын Нам дайындап жатыр.

ЮН СЫН НАМ, ШОРТ-ТРЕКТЕН ҚАЗАҚСТАН ӘЙЕЛДЕР ҚҰРАМАСЫНЫҢ ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:

 - Мен Қазақстанның әйелдер құрамасын дайындауға Алматыда өткен Универсиададан соң кірістім. Қазір олар оңтүстіккореялық шорт-трекшілермен бірге жаттығады. Барлық бағдарлама Анастасия мен Әлияға арналып дайындалған. Анастасия Каннынға ақпанның 4-інде барады. Әлия сайысқа кейін түсетіндіктен, 9 ақпанда келеді. Ал мен жаттықтырушы ретінде екі араға жиі қатынайтын боламын. Әркімнің өз ырымы бар ғой. Мен мысалы жарыстарда үнемі бір киіммен жүремін.

Анастасия мен Әлия кесте бойынша 2 сағат залда дайындалып, бір сағат мұз айдынында жаттығып, шеберлігін шыңдайды. Анастасия қазір жүзі нидерландтық жаңа конькимен жүгіріп, бейімделіп жатыр. Өйткені ол осы конькимен ақпанның 10-ы күні жарысқа түседі. Олимпиаданың екінші күні Крестова 500 метрге жүгіреді.  Жалпы ол үш қашықтықта шеберлігін сынамақ.

АНАСТАСИЯ КРЕСТОВА, ШОРТ-ТРЕКТЕН ҚАЗАҚСТАН ӘЙЕЛДЕР ҚҰРАМАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

 - Ұзақ қашықтыққа жақсы жүгіруің мүмкін. Ал келесі күні – спринт. Нағыз сенің қашықтығың. Бірақ барлығы ойлағаныңдай шықпай қалуы мүмкін. Сондықтан бұл жерде белгілі бір қашықтыққа ғана дағдыланудың қажеті жоқ. Бұл өзіме қатысты түйген ойым. Мен, мысалы, тек 500 немесе 1,5 мың метр ғана емес үш қашықтықта да бағымды сынап көрмекпін. Бұл Олимпида, сондықтан бар күшті салып соңына дейін күресу қажет.

Әлия Кимнің ата-анасы Оңтүстік Кореяда тұрады. Бірақ қызын жарыс өтетін жерде емес, үйде отырып қолдауды шешкен. Каннынға Анастасияның да туыстары келе алмайды. Алайда өзі қазақстандықтардың қолдауын ұдайы сезінетінін айтады.

АНАСТАСИЯ КРЕСТОВА, ШОРТ-ТРЕКТЕН ҚР ҚҰРАМА КОМАНДАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

 - Мұз айдынына шыққанда туған-туыстарың, дос-жарандарың көгілдір экран алдына жиналып сен үшін уайымдап, жан тәнімен жақтасатынын білесің. Тіпті бұл мыңдаған шақырым алыста болса да сезіледі. Менің тұмарым - отбасым, жақындарым және менің Қазақстаным.        

Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін XXIII Қысқы олимпиада ойындарының басталуына аз ғана уақыт қалды. Елдің намысы сынға түсетін бәсекеде спортшыларымыздың бағы жанады деп тілейміз. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер