Каннындағы Олимпиада қалашығында 7 ақпан күні Қазақстан туы көтеріледі

Каннындағы Олимпиада қалашығында 7 ақпан күні Қазақстан туы көтеріледі

Қазақстандық спортшылар алғашқылардың бірі болып 23-ші қысқы олимпиадаға Оңтүстік Кореяға аттанды. Каннындағы Олимпиада қалашығында 7 ақпан күні Қазақстан туы көтеріледі. Онда хоккей, керлинг, мәнерлеп сырғанау, конькимен сырғанау, шорт-трек бойынша жарыстар өтеді. Қазақстанның ұлттық құрамасы жалпы саны 60-қа жуық жолдама алды. 

СЕРІК ЖАРАСБАЕВ, ҚР МСМ СПОРТ ЖӘНЕ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ІСТЕРІ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

 - Спорттың 9 түрінен бақ сынаймыз. Спортшыларымыздың дайындығы жақсы, бәрі сақадай сай, қажетті оқу-жаттығу сабақтарын да аяқтады. Олар барлық олимпиадалық ойындардың дайындық сатыларынан өтті. Сонымен қатар, барлығы білікті мамандардан кеңес алып, медициналық тексеруден өтті. Оның ішінде, дәрігерлер, психологтар, басқа да мамандар бар.

1994 жыл. Лиллехаммер. Олимпиада ойындарында аты аңызға айналған шаңғышы Владимир Смирновтың өнер көрсетуі. Оның жетістігі еліміздің намысын қорғайтын Ақ Олимпиада ойындарына қатысатын қазақстандық спортшылардың бойына рух беріп, үлгі болмақ. Осы жолы жолдамалардың ең көбі биатлоннан алынды. Басты үміт әйелдер командасының жетекшісі Галина Вишневскаяға артылып отыр. Дегенмен, әрбір спортшының да Олимпиада тарихына кіруге мүмкіндігі бар. Мысалы, Сочидегі қысқы олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен қысқа бағдарламада тоғызыншы орында көрінді де, ерікті негізде қола жүлдегер атанды. Қазақстандық спортшылардың дайындығы жақсы, шеберлігі де кем емес, сондықтан медальсыз қайтпайтынымыз анық, дейді салалық министрліктегілер.

СЕРІК ЖАРАСБАЕВ, ҚР МСМ СПОРТ ЖӘНЕ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ІСТЕРІ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

 - Осы маусымда спортшыларымыз жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Алексей Полторанин спорт жолында тұңғыш рет ски-стартта жеңіске жетті, могулшылардың жетістіктері де айтарлықтай. Атап айтсақ, Дмитрий Рейхард пен Юлия Галышева. Олар тұрақты негізде жақсы көрсеткіштер көрсетіп келеді. Сондай-ақ, осы жолы алғаш рет мәнерлеп сырғанаудан 3 жолдамамыз бар.

Оңтүстік Кореядағы Ақ Олимпиадада спорттың 15 түрінен 102 медаль сарапқа салынады. Жарыстар тауда және жағалау кластерлерінде орналасқан 12 спорттық нысанда өтеді. Қысқы Олимпиада ойындарының ресми ашылуы  9 ақпанда өтеді. Қазақстанның байрағын шорт-трекші Абзал Ажғалиев ұстап шығады.