Қазақстандық спортшылар XXIII қысқы Олимпиада ойындарына қатысу үшін Оңтүстік Кореяға келді

Қазақстандық спортшылар XXIII қысқы Олимпиада ойындарына қатысу үшін Оңтүстік Кореяға келді

Қазақстандық спортшылар ақпан айының 9-ы мен 25-і аралығында өтетін XXIII қысқы Олимпиада ойындарына қатысу үшін Оңтүстік Кореяға келді. Мұнда 95 ұлттық олимпиадалық комитеттің атынан 3 мыңға жуық саңлақ спорттың 7 түрінен күштерін сынап, 102 медальды сарапқа салады. Айта кетейік, ақ олимпиаданың жарыстары елдің екі қаласында орналасқан 12 спорт нысанында өтеді. Солардың бірі әлемге танымал Пхёнчхан - сегіз елді-мекенді біріктіретін аудан орталығы. Жылдың қай мезгілінде болмасын мұнда саяхатшылар мен туристер көптеп келеді. Олимпиада ойындарының негізгі жарыстарын Пхёнчхан уезі қабылдайтын болады.

КИМ МИ РАН, ПХЁНЧХАН АУДАНЫ ӘКІМШІЛІК БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:

 - Пхенчхан - бұл ауылшаруашылығы ауданы. Қаламен салыстырғанда мұнда мейрамхана және қонақ үйлер көп емес. Олимпиада ойындарының астанасы етіп Пхенчханды бекіткен соң, елу мың орын дайындадық. Жетіспеушілік болмайды деген ойдамыз. Дегенмен, ондай жағдай орын алса, көрші қалалар қонақтарды қабылдауға дайын.

Ақ олимпиада қонақтарын қабылдайтын тағы бір қала - Каннын. Мұнда қазақстандық спортшылар мен жанкүйерлердің үлкен делегациясы келеді. Шығыс теңізінің жағалауында мұздағы спорт түрлерінен жарыстар өтеді. Атап өтетін болсақ, бір ғана шорт-тректен Қазақстан құрамасы он лицензия жеңіп алып, әлемнің үздік 5 командаларының қатарына кіріп отыр.

ЧОН ИН О, КАННЫН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Біздің қаламыз шорт-тректі жақсы көреді. Себебі осы ойынның чемпиондары Каннын қаласында тұрады. Бізде бірнеше мұз алаңымыз бар еді. Олимпиадаға байланысты тағы жаңа алаңдар салынды.

КИМ ПОК РЭ, КАННЫН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Олимпиада ойындарына байланысты Сеул мен Каннын арасында жүрдек пойыз іске қосылды. Сондай-ақ базарды жаңартты. Сатып алушылардың қатары көбейді. 

2018-ші жылғы қысқы Олимпиада қонақтарды жаңа технологиялармен таңқалдырмақ. Сеулден Пхенчханға қатынайтын пойыздар сағатына 300 шақырымды бағындырып отырады. Әлем бойынша алғаш рет ең шапшаң бес джи интернеті іске қосылады. Ал, туристерге жол сілтеуші қызметін роботтар атқарады. Сондай-ақ, қонақтар тек Олимпиада ойындарын көріп қана қоймай, ай күнтізбесі бойынша ақпанның 16-сына келетін жаңа жыл мерекесін де тойлайтын болады.