Көшпенділер қалашығына айналған Қыршын қалашығы

Дүниежүзілік көшпенділер ойынының кезекті күнделігінде біз көшпенділер ойындары өтіп жатқан орындарды көрсетеміз. Әуелі, Шолпан Атадан 50 шақырым жердегі Қыршын шатқалынан бастаймыз. Бұл жердің сұлу да тұмса табиғаты кім-кімді болсын баурап алады. Шатқалдың ат шаптырым алаңында құсбегілер сайысы мен садақ атудан, ордодан жарыс өтті. Қыршын ойын барысында Қырғызстанның туристік орталығына айналды. Сәнді де көркем декорация, арнайы ағаш тізбектер, этнобазар мен мыңдаған киіз үй. Ұйымдастырушылар байырғы заманда көшпенділердің мекен еткен жерлерін көрсетуге тырысқан. Осы этноқалашыққа сайыс кезінде бас-аяғы 50 мыңнан аса турист келіпті. Көбісі тіпті, далада тігілген киіз үйлерде түнеді. Ал ат жарыстары өткен жаңа ипподром II Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу үшін 2016 жылы салынған. Биылғы жарыста бұл жерде көкпар, эр-эниш пен бәйге өтті. Ипподромда өткен жарыстардан эр-эништен қазақстандық палуандар 5 күміс медаль жеңіп алды. «Көкпар» құрамасы үшінші орынға ие болды. Ал Дичато атты сәйгүлік 2,4 шақырым аралықта алтын медальға ие болды.

Пікірлер