«Жерұйық» көркемфильмі 1937 жылы Қиыр Шығыстан кәрістер жер аударылған Алматы облысы, Үштөбе аулында өскен сценарист Сон Лаврентийдің балалық шағы туралы фильм. «Жерұйықтың» көрермен назарына жол тартқанына да бір жылдың көлемі болып қалды. Фильмнің басты идеясы — Қазақстандағы көпұлттылық­тың пайда болуын көрсету. Режиссері  - Сламбек Тәуекел, ал сценарийдің авторы - Лаврентий Сон сол заманның тірі куәгерлері.
Басты рөлдерді Болат Әбділманов, Назгүл Қарабалина, Сергей Попов, Бағлан Әбдіраимов, Тамара Қосубаева, Алтынай Нөгербек, Меңтай Өтепбергенов, Алексей Шемес сынды дарынды әртістер сомдайды. Алғашында «Атажұрт» деп аталып, кейіннен «Жерұйық» болып өзерген бұл фильмнің сюжеті қасіретті жылдардың ауыр жағдайында ізгілік пен адамгершілікті алға қойған Қазақстан халқының достығын бейнелейді. Сценарийі үш айда жазылып біткен фильм 2009 жылғы қарашадан 2010 жылдың қараша айына дейін Қаратал өзенінің бойында түсірілген.  «Адамзаттың бәрін сүй, ба­уырым деп». Ұлы Абайд­­ың осы сөзін беташар қылған картинаның көтерген жүгі барынша ауыр.