Құтты болсын жеңіс күні ағайын
Көптен күткен ұлы күнде жар салайын.
Ата - бабам қан берісіп шайқасқан,
Ата - бабам намыс бермей айқасқан
 
Жеңіс күнін қарсы алайық бәріміз.
Жеңіс күнін тойлайық жас кәріміз.
Осындай бір бейбіт өмір сыйлаған
Ардагерлер, ағаларға мың алғыс.
 

9 мамырда Қазақстанда негізгі мемлекеттік мерекенің бірі – 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында  Жеңіске жеткен күн тойланады. Ұлы Отан соғысы 1941 жылы 22 маусымда таңсәріде Германия фашистері, 1939 жылы келісілген совет-герман шартын бұзып, КСРО-ға шабуылын бастаудан басталды. Майдан алаңына Қазақ ССР-нан 1,2 миллионнан аса әскер, 12 атқыштар, төрт кавалерия дивизиясы, жеті атқыштар бригадасы, 50-ге жуық жеке полктер мен батальондар алынды. Ұлы Отан соғысындағы ерліктері үшін 499 қазақстандықтар, олардың ішінде 99 қазақ Совет Одағының Батыры, Халық Қаһарманы атағына ұсынылды. С онымен қатар қазақтың екі аруы – Мәншүк Маметова мен Әлия Молдағұловалар Совет Одағының Батыры атағын алды. 110 қазақстандық үш дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды.

Қазақстанның барлық ірі қалаларында Жеңіс күнінің құрметіне орай: Астана қаласында "Отан қорғаушылар" монументіне, ал Алматыда Мәскеу қорғанысы кезіндегі Дубосеково разъезінде 1941 жылы 16 қарашада ерлікпен қаза тапқан 28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағындағы Мәңгілік от маңына дәстүрлі гүл шоқтарын қою шарасы өтеді. 

Биыл, Жеңістің 70-жылдығына Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тылда еңбек еткендер мерейтойлық медальмен марапатталатын болады. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күнінің 70 жылдығы құрметіне арналған бірыңғай мерекелік медаль туралы" Жарлығына қол қойды. 

Сонымен қатар "Хабар" Агенттігі бастамашы болған "Жеңіске құрмет!" шарасы өз жұмысын бастайды. Агенттік ұжымы бір күндік жалақыларын арнайы қорға аударуды ұйғарды, сол қордан 9 мамырға дейінгі бір ай көлемінде Хабардың меншікті тілшілері әр ардагердің өтінішін есеке отырып, бағалы дербес сыйлықтар тапсыратын болады. Астана қаласындағы Ұлттық мұражайда 9 сәуір күні өткен салтанатты рәсімде  аталмыш шара аясында "Хабар" Агенттігі Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне сыйлықтарын тапсырды, ал Ұлттық мұражай осы тарихи кезеңнен сыр шертетін ерекше эспонаттарды келушілер назарына қойды.

 
 

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ

 

 «Жеңіске құрмет» акциясы  бастау  алды​