Жалпы мағлұмат

 
Еуразия құрлығының орталығында орналасып, Қазақстан – әлемнің көне өркениеттері мен көлік жолдарын байланыстыратын, Шығыс пен Батыс, Оңтүстік пен Солтүстік, Еуропа мен Азия арасындағы әлеуметтік пен экономикалық, мәдени және идеологиялық құрылымдарды ұштастырған, үлкен мемлекеттердің өткені мен бүгінін сабақтастырған мемлекет. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі өмірі мемлекеттіктің, шынайы егеменділік пен саяси-қоғамдық жүйенің жаңа сапалық деңгейге көтерілуімен байланыстырылды.

Географиясы

 

Қазақстан Еуразия құрлығының нақ ортасында орналасқан. Бұл көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы және ТМД елдері ішінде екінші мемлекет. Қазақстан 5 мемлекетпен, яғни Қытай, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Ресеймен, шектеседі. Қазақстанда екі сағаттық белдеуі бар, климаты - күрт континенталды. Жер көлемі –2 724 900 шаршы км. Шекарасының ұзындығы –  13 200 км.  
Ауа температурасы - 45 тен +45 С-ке дейін. 


Тұрғын халқы

 

2015 жылдың басында Қазақстанның тұрғылықты халқының ресми саны 17 417 673 миллион адам құрайды (www.stat.gov.kz).


Діні

 

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Конституция діни-сенім еркіндігі құқына кепілдік береді. Негізгі діні – ислам. Қазақстан – көп конфессиялы ел, мұнда 40 конфессияға кіретін 3 мыңнан астам діни бірлестіктер бар.


Тілі

 

Мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, қазақ тілімен қатар, орыс тілі де ресми қолданыста; ағылшын тілі – бизнес тілі.


Елдің әкімшілік бөлінісі

 

Қазақстанда 14 облыс, 175 аудан, 7 мыңнан астам ауылдық елді-мекендер, 84 қала бар, 2 қала республикалық мәртебеге ие.


Астанасы

 

Қазақстанның астанасы – Астана қаласы. Елдің географиялық ортасында Еуропа мен Азия аралығындағы негізгі көлік жолдары торабында орналасқан. Мұнда жоғарғы билік пен басқару органдары: мемлекет басшысының Резиденциясы, Парламент, орталық министрліктер мен ведомстволар, Жоғарғы және Конституциялық Соттар шоғырланған. Барлық негізгі мемлекеттік іс-шаралар Астанада өтеді.


Мемлекеттік құрылымы

 

Қазақстан – президенттік басқару нысанындағы конституциялық республика. Қазақстан Республикасының Президенті – жоғарғы лауазымды тұлға және ел Қарулы Күштерінің бас қолбасшысы. Оның өкілеттілігі Конституцияның арнаулы бөлімінде белгіленді. Лауазым 1990 жылдың 24 сәуірінде бекітілген. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Атқарушы билікті Үкімет жүзеге асырады. Үкімет басшысы – премьер-министр. Заң шығарушы билік – Парламент: жоғарғы палата – Сенат (39 адам) әр 6 жыл сайын сайланады, төменгі палата – Мәжіліс (107 депутат) оның 9-ы Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері), әр 5 жыл сайын сайланады.


Халықаралық қарым-қатынастар

 

139 мемлекетпен елшілік қарым-қатынас орныққан. Республикада 60-тан астам елшілік, шетелдік миссиялар, халықаралық ұйымдардың өкілдіктері жұмыс істейді. Қазақстан БҰҰ, ЕҚЫҰ, СВМДА, ШОС, НАТО/СЕАП, ТМД, ОДКБ, ЕврАзЭС, ЕЭП, ТҮРКСОЙ,ОИК, т.б. 60-тан астам халықаралық бірлестіктердің мүшесі.


Қаражаты және экономикасы

 

Қазақстан қаражат жүйесінің басында Ұлттық банк тұрады. Қаражат бақылау агенттігіне қадағалау және превентив өкілеттілігі берілген. Қор жинақтау нарығы табысты дамуда. Қазақстанның ақша бірлігі – теңге. 
Қазақстан 5 ірі экономикалық ауданнан тұрады. Экономикадағы басым салалар – өндіру және өңдеу, ауыр және жеңіл өнеркәсіп, ауылшаруашылығы. Оларды дамыту үшін шағын және орта бизнеске күш салынуда. Салалық және кластерлік мемлекеттік бағдарламалармен қолдау кепілдігі берілген.


Табиғи қорлары 

 

Қазақстан қойнауынан Менделеев кестесіндегі 105 элементтің 99-ы табылған, соның 60-ы өндірісте. Қазақстан көмірсутегін өндіру көлемі жөнінен әлемде 5 орында. Мұнай қоры соңғы геологиялық барлау мәліметтері бойынша 2 млрд тоннадан астам. Табиғи газдың қоры – 2,5 триллион кубометр.


Көлік қатынасы 

 

Республиканың көлік қатынас кешеніне теміржол, әуе жолы, теңіз жолы, өзен жолы, құбыр тасымалы, автомобиль жолдарының жүйесі кіреді. Жүктердің үлкен бөлігі теміржол қатынас көлігі арқылы тасымалданады. Теміржолдардың жалпы ұзындығы 14,5 мың км. Жалпы қолданыстағы автожолдардың ұзындығы – 83,3 мың км, солардың ішінде республикалық маңызы бар – 17,7 мың км.


Денсаулық сақтау

 

Қазақстан Конституциясы азаматтардың денсаулығын қорғау және тегін кепілді медициналық көмек алу құқына кепілдік береді. Халықтың денсаулығы туралы Кодекс қабылданды. Ұлттың денсаулығы – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі.


Білім 

 

Елде орта білім беру міндетті және тегін. Республикада мемлекеттік және жекеменшік гимназиялар, лицейлер, колледждер ашылған. Жоғары оқу орындарында мамандар дайындау үш сатылы: бакалавр-магистр-доктор Phd жүйесімен жүруде. 


Ғылым

 

Нанотехнологиялар мен жаңа материалдар, биотехнологиялар, көмірсутегі және тау-кен металлургия секторы үшін сарқылмайтын энергетика технологиялары, ядролық, ақпараттық және ғарыштық технологиялар. Бұл басты бағыттар – Қазақстан ғылымын дамыту үшін Үкімет белгілеген басымдықтар. Елдің ғылыми бағдарламасының негізгі міндеті – экономиканы дамытуға қажет білімді инновацияға трансформациялау.


Ғарыш

 

Ғарышты игеру Қазақстан дамуында стратегиялық маңызға ие, және ол республиканы әлемдік ғарыш державалары қатарына кіргізетін негізгі қорлардың бірі боп есептеледі. Ел аумағында Еуразиядағы ең ірі ғарыш айлағы - Байқоңыр - орналасқан. Ондаған жылдар бойы ол әлемдік ғарыш инфрақұрылымында көшбасшылық орынды ұстап тұр, және ең жетекші ұшыру алаңы боп қалуда. Оның старттық кешенінен Жер төңірегіндегі орбитаға жылына ғарыштық мәні бар 20 зымыран шығарылады. Қазақстан Үкіметі ғарыштық саланы дамыту бағдарламасын қабылдады. Қазір республика бірнеше ірі ғарыштық жобаларды жүзеге асыруда. 


Мәдениеті

 

Қазақстанда 50-ден астам театр, 90 концерттік ұйымдар, 3,5 мыңнан астам кітапханалар, 185 тарихи, көркем өнер және әдеби мұражайлар бар. Республикада өте үлкен музыка, театр және кино фестивальдері үнемі өтеді. Опера және балет орындаушыларының, музыканттардың есімдері халықаралық деңгейде белгілі. 


Спорты

 

Спортты дамыту – Қазақстанның мемлекеттік саясатындағы басым бағыттардың бірі. Отандық спортшылар халықаралық өте үлкен жарыстарға, құрлықтық және әлемдік деңгейдегі чемпионаттар мен Олимпиадаларға қатысады. Елде жаңа спорттық ғимараттар құрылысы жүріп жатыр және ескілері қайта жөндеуден өтуде. Қарқынды түрде жас атлеттер дайындалып, спорттық резервтер қалыптастырылуда.


Туризмі

 

Қазақстан тамаша табиғи мүмкіндіктер мен мәдени-тарихи мұра нысандарына иелік етеді. Туристер үшін бүкіл ел аумағына 700-ден астам саяхаттық бағдар жасалды.



Қазіргі Қазақстан – бұл жедел қарқынмен дамып келе жатқан, экономикасы тұрақты ел. Қазақстан – бұл бүкіл әлемдік үдерістер интеграцияланған, демократиялық құндылықтарды мойындайтын мемлекет.  
Қазақстан халқы достық пен төзімділік аясында өмір сүруде.

 

Қазақстанға қош келдіңіздер!