1998 жылдан бастап, әлемдегі ең жас астана - Астана қаласы - жыл сайын 6 шілдеде өзінің туған күнін атап өтуде. Қуанышты оқиға Қазақстан Республикасының барлық аймақтарында жаппай тойланады. Бұл оқиға республиканың көптеген елді мекендеріндегі жұртшылықты қамтығандықтан, қатысушы адамдар саны бойынша ең ірі мерекелердің бірі саналады. Құттықтаулар шамамен 10 күнге созылады, соның ішінде 4-6 шілде күндері – концерттік тартулардың ең қызған шағы. Биыл Елорда күнін ресми ашу салтанаты 4 шілдеде ұлттық туымызды көтеру рәсімінен басталады.

 

Мереке жылдың жылы маусымында өтетіндіктен, көптеген іс-шаралар ашық алаңқайларда әзірленеді. Ән мен әуен сүйетін жандар үшін отандық және шетелдік эстраданың ең әйгілі жұлдыздары өнер көрсетеді, тіпті ұйымдастырушылар олардың аттарын мүмкіндігінше көбірек құпия сақтауға тырысады. Сонымен қатар қаланың барлық бұрыштарында мәдени іс-шаралар, театр қойылымдары, спорттық жарыстар, көрмелер, жәрмеңкелер, флеш-мобтар, сайыстар мен акциялар өткізіледі. 6 шілде күні Есіл өзені жағалауы, «Хан Шатыр» СОО алдындағы аумақ, Абылай хан даңғылы мен Пушкин көшесі қиылысындағы шағын бақта өтетін жарқын отшашумен мереке аяқталады.

 

«Биыл Елорда күніне орай қалада республикалық және халықаралық деңгейдегі 70-тен астам шаралар өтеді.Оларға 500 мыңнан астам адамды тарту жоспарланып отыр. Елорданың 17 жылдығын мерекелеу – айтулы даталар негізінде өрбімек. Олар: Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы және Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы. Ал Елорда күнінің басты тақырыбы – «Ел жүрегі – Астана!»,- деп Астана қаласы Мәдениет басқармасының бастығы Болат Мажағұлов Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында атап өтті.

 

Бұл мерекелік іс-шаралардан бөлек, Астананы көркейту мәселелері де күшейтілетінін айта кету керек. Мәселен, Қаланың бас жоспарына сәйкес, балалардың ойын алаңдары реттеледі, жолдар жөнделеді, жаңа ғимараттар пайдалануға беріледі, тұтастай барлық инфрақұрылым жетілдіріледі. Сондықтан Астана күніне қарай ел бесігіміз гүлдене түсіп, жыл өткен сайын өз жетістіктеріне бүкіл әлемді тәнті етеді.

 

 

АСТАНА КҮНІН ТОЙЛАУҒА АРНАЛҒАН ІС-ШАРАЛАР ЖОСПАРЫ: