KAZAKH TV – Қазақстан Республикасының алғашқы ұлттық жерсеріктік телеарнасы. Елдегі ірі медиахолдингтердің бірі - «Хабар» Агенттігі» АҚ құрамына кіреді.

2002 жылдың 25 қазанында «Caspionet» атауымен алғаш рет эфирге шықты. Ал 2012 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қызметін елдің имиджін қалыптастыруға бағыттаған арна атауы «Kazakh TV» деп өзгертілді. 2016 жылдың қазанында «Kazakh TV» және «Білім және Мәдениет» арналары біріккен соң, телеарна қызметін KAZAKH TV атауымен жалғастырды.

Бүгінгі күні KAZAKH TV – бұл жылдам дамып келе жатқан Қазақстан, оның инвестициялық-туристік мүмкіндіктері, жаһандық бастамалары, мәдени-тарихи мұралары және тұрақты даму бағыттары туралы имидждік-танымдық арна. Телеарнаның контенті 100% отандық туындылардан құралған.

«KAZAKH TV» республикалық және халықаралық таралымда қолжетімді. Қазақстан аумағында ОTAU TV ұлттық жерсеріктік телерадио хабар тарату желісінің көмегімен қазақ және орыс тілдерінде 18 сағат бойы эфирге шығады. Халықаралық көрсетілім қазақ және ағылшын тілдерінде тәулік бойы хабар таратады. Арнаны әлемнің 118 мемлекетінде тамашалауға болады. Олардың арасында Солтүстік және Орталық Америка, Батыс және Шығыс Еуропа, Австралия, Солтүстік Африка, Таяу Шығыс, Азия және Оңтүстік Кавказ елдері бар.